date

Өзбекстан 2030 жылға дейін газ өндіруді арттыра алмайды

Өзбекстан 2030 жылға дейін газ өндіруді арттыра алмайды

SOVAZ порталында жарияланған «Өзбекстан–2030» стратегиясының жаңартылған жобасы энергетика секторына қатысты көрсеткіштерді күрт қайта қарады. Құжатта алдағы бес жылға табиғи газ өндіру бойынша мемлекет күткен нәтижелер едәуір төмендетілгені атап өтіліп, бұрынғы жоғары межелердің іс жүзінде күшін жойып отырғаны көрінеді. Бұл туралы upl.uzхабарбереді.

Жаңа редакцияда 2030 жылға арналған мақсат 38,7 млрд текше метр болып белгіленген. Бұл 2023 жылғы қыркүйекте бекітілген жоспардағы 62 млрд текше метр көрсеткіштен күрт төмен — яғни жоспар 37%-дан астам қысқарған. Қызығы, 2025 жылдың 11 айлық статистикасы 38,9 млрд текше метрді көрсетіп, 2030 жылға қойылған «межеден» де қазірдің өзінде жоғары тұр.

Стратегия 2026–2030 жылдары жалпы өндірілетін газ көлемі шамамен 186,8 млрд текше метр болады деп болжайды. Жылдық бөлініс жақын мерзімде төмендеу жалғасатынын аңғартады: 2026 жылы 37,9 млрд, 2027 жылы 35,6 млрд, 2028 жылы 33,4 млрд текше метрге дейін түсуі мүмкін. Тек 2029 жылы 23,3%-дық серпіліспен 41,2 млрд текше метрге шығу болжанған, алайда 2030 жылға қарай қайтадан төмендеу күтіледі.

Қайта белгіленген міндеттерді орындау жауапкершілігі Энергетика министрлігі мен «Өзбекнефтгазға» жүктелген. Талдаушылар соңғы төрт жылда саладағы өндіру 21,7%-ға қысқарғанын еске салып, мұның артында стратегиялық жоспарлаудағы жүйелі қателіктер мен қысқа мерзімді мәселелерге беріліп кету факторы тұрғанын атап өтуде.

Құжаттағы көрсеткіштер бұған дейін Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов айтқан оптимистік мәлімдемелермен де «қайшы» келіп отыр: ол өткен жылдың желтоқсан айының ортасында төмендеу 2026 жылдың өзінде тоқтатылады деген еді. Негізгі үміт Қарақалпақстандағы жаңа кен орындарында жұмыстарды күшейтуге байланысты болған. Алайда жаңа жоба жаңа қуаттардың есебінен де алдағы жылдары жалпы көрініс теріс күйінде қалатынын көрсетеді.

Соңғы жылдары Өзбекстан, бұрын газ экспортында ірі ойыншы болғанына қарамастан, ішкі сұраныстың өсуі және ұңғымалардағы дебиттің төмендеуі салдарынан Ресейден «Орталық Азия – Орталық» құбырлары арқылы реверс режимінде импорттауға мәжбүр болды. Бұл өңірдің энергетикалық саясатындағы жаңа бетбұрыс ретінде бағалануда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Өзбекстан 2030 жылға дейін газ өндіруді арттыра алмайды