date

12 мемлекет Палестинаны қолдау үшін донорлар коалициясын құрды

12 мемлекет Палестинаны қолдау үшін донорлар коалициясын құрды

Палестина әкімшілігін қаржылық қиындықтан құтқару мақсатында әлемнің бірқатар беделді мемлекеттері бастама көтерді. Франция Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Франция, Ұлыбритания, Жапония, Сауд Арабиясы және басқа да елдерді қамтитын 12 ел бірлесіп донорлар коалициясын құрды.

Коалицияның негізгі міндеті - Палестинаның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін қолдау және халыққа қажетті қызметтерді көрсетуді жолға қою. Бұл шара Израильдің Палестинаның салық және кедендік түсімдерін ұстап қалуына байланысты туындаған қаржылық дағдарысқа жауап ретінде қолданылды.

Мәліметтерге қарағанда, коалиция аясында әзірге кем дегенде 170 миллион доллар көмек бөлу жоспарланған. Оның ішінде ең үлкен үлес - 90 миллион доллар Сауд Арабиясына тиесілі. Қалған қаржыны басқа мемлекеттер береді.

Сонымен қатар, донорлар коалициясы Израиль үкіметін Палестинаға тиесілі қаржылық түсімдерді дереу аударуға және әкімшіліктің қызметіне кедергі келтірмеуге шақырды.

Бүгінде 150-ден астам мемлекет Палестина мемлекетін ресми түрде мойындаған. Бұл халықаралық деңгейде Палестинаны тұрақтандыру үдерісіне үлкен қызығушылық пен көмекке деген ықыласты айқындай түседі.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » 12 мемлекет Палестинаны қолдау үшін донорлар коалициясын құрды