date

NASA 2035 жылға дейін Айда адамдар ауылын салғысы келеді

NASA 2035 жылға дейін Айда адамдар ауылын салғысы келеді

АҚШ-тың ғарыштық зерттеу агенттігі - NASA алдағы онжылдықтарда адамзат үшін жаңа тарихи кезеңді жүзеге асыруды көздеп отыр. Агенттік 2035 жылға дейін Ай бетінде адамдар үздіксіз өмір сүре алатын ауыл салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы агенттік басшысының міндетін атқарушы Шон Даффи Австралияның Сидней қаласында өткен Халықаралық астронавтика конгресінде мәлімдеді.

Даффи бұл жоба тек ғылыми миссиямен шектелмейтінін айтты. Айда тек зерттеу орталығы ғана емес, тұрақты өмір сүруге арналған заманауи инфрақұрылым да құрылады. Жаңа ауылды ядролық энергиямен қамтамасыз ету, астронавттарды тұрақты орналастыру және ең бастысы, құрылыста Ай бетінен алынған жергілікті материалдарды кеңінен пайдалану көзделуде.

NASA-ның жоспары бойынша, 2026 жылдың февраль айында "Артемида II" бағдарламасы аясында 50 жыл ішінде алғаш рет төрт астронавт Айға ұшады. Бұл ұшуда қону жүзеге асырылмаса да, негізгі міндет келесі қадамдарға дайындықты қамтамасыз ету және Айда ұзақ мерзімді өмір сүру мүмкіндіктерін зерттеу болып табылады.

Мамандардың пікірінше, Айда тұрақты ауыл салу Марсқа қадам басуда маңызды негіз болады. Өйткені Айда құрылатын инфрақұрылым адамзаттың ғарышта ұзақ өмір сүру қабілетін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

NASA өкілдері бұл идеяны арман емес, жүзеге асатын нақты жоспар ретінде бағалап отыр. Өйткені бұл бастама адамзат өркениетін жер орбитасынан тыс жерде де дамытуға бағытталған.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » NASA 2035 жылға дейін Айда адамдар ауылын салғысы келеді