date

ХАМАС Трамп ұсынған келісімге шартты түрде келісті

ХАМАС Трамп ұсынған келісімге шартты түрде келісті

Палестинадағы ХАМАС қозғалысы Америка президенті Дональд Трамп ұсынған бейбітшілік жоспары аясында маңызды мәлімдеме жасады. Өзінің ресми үндеуінде топ Газа секторындағы барлық тірі қалған кепілге алынғандар мен қаза тапқандардың денелерін Израильге тапсыруға дайын екенін білдірді. Бұл туралы AFP агенттігі мен Al Jazeera телеарнасының хабарына сүйеніп хабарланды.

ХАМАС өз мәлімдемесінде: "Қажетті жағдайлар жасалса, біз президент Трамп ұсынған алмасу формуласы бойынша әрекет етеміз. Келіссөздерді делдалдар арқылы дереу бастауға да дайынбыз," - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, қозғалыс Газа секторын басқаруды болашақта "Палестина ұлттық консенсусына негізделген және араб және ислам қолдауы бар тәуелсіз органға беру" ниетін білдірді. Бұл аймақта жаңа саяси үдерістерге жол ашуы мүмкін.

Дегенмен, ХАМАС саяси бюросының өкілі Мұса Абу Марзуқтың айтуынша, кепілге алынғандар мен мәйіттерді 72 сағат ішінде тапсыру іс жүзінде мүмкін емес, бұл әзірге тек теориялық мәселе ретінде қарастырылуда.

Қозғалыс қарусыздану мәселесі бойынша ешқандай шешім қабылдамағанын да ашық мәлімдеді. Қатарда орналасқан ХАМАС лидерлері АҚШ президенті ұсынған жоспардағы кейбір шарттарды өзгерту қажеттігін айтуда.

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social желісінде ХАМАС-тың жауап мәтінін жариялап, бұл үдеріс бейбітшілік жолындағы соңғы мүмкіндік болуы мүмкін екенін жазды. Егер келісім жүзеге аспаса, онда ХАМАС үшін теңдессіз салдарлар болатынын атап өтті.

Бұл оқиға аймақтағы күрделі саяси үдерістердің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді. Алдағы келіссөздер Газаның ғана емес, бүкіл Таяу Шығыстың тағдырына үлкен әсер етуі мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » ХАМАС Трамп ұсынған келісімге шартты түрде келісті