date

Орталық Азиядағы тұңғыш әйел ғарышқа қадам жасады

Орталық Азиядағы тұңғыш әйел ғарышқа қадам жасады

Қазақ кәсіпкері Данна Карагусова Орталық Азия тарихында ғарышқа ұшатын алғашқы әйел атанбақ. Оның бұл миссиясы тек Қазақстан үшін емес, бүкіл аймақ үшін ғылым мен технология саласындағы жаңа жетістік ретінде бағалануда.

Ақпаратқа қарағанда, Данна Amazon компаниясының негізін қалаған миллиардер Джефф Безостың Blue Origin компаниясының New Shepard зымыран кемесімен ғарышқа ұшады. Ұшу 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.

Ғарыш сапары небәрі 10–12 минутқа созылады. Осы уақыт аралығында зымыран Жерден 100 километр биіктікке көтеріледі — дәл осы нүктеден ғарыш басталады. Даннаға бес жолаушы ілеседі: бизнесмен Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, стартап негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиналық кәсіпкер Виталий Островский және аты-жөнін жарияламаған тағы бір жолаушы. Барлығы салмақсыздық күйін сезініп, Жерді ғарыштан тамашалай алады.

Компания ұшуды тікелей эфирде көрсетуге ниетті, бірақ билет бағасы құпия сақталуда. Орын брондау үшін кемінде 150 мың доллар депозит қажет, ал ұшу құны 500 мыңнан 1 миллион долларға дейін жетеді.

Данна Карагусова кім?

43 жастағы Данна Карагусова — Алматы қаласында туған, Қазақстандағы ең белсенді және заманауи әйел кәсіпкерлердің бірі. Ол маркетинг пен цифрлық технология саласында жетекші маман ретінде танылған.

Данна First Media Group маркетинг холдингін құрған және оны ұзақ жылдар бойы басқарған. Медиа және іс-шара ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар.

Blue Origin деректеріне сүйенсек, Карагусова өнер, ғылым және технологияны біріктіретін инновациялық жобаларға белсене қатысып жүр. Соңғы жылдары ол “Portals” деп аталатын жаңа жобаға ерекше назар аударуда — бұл жоба әртүрлі қалаларды нақты уақытта бейне байланыс арқылы байланыстыратын интерактивті платформа жасауды көздейді.

Карагусова тек бизнесте ғана емес, спортта да жетістікке жеткен. Ол Килиманджаро мен Эльбрус шыңдарын бағындырған тәжірибелі альпинист. Оның айтуынша, ғарыш — адамзат эволюциясының келесі табиғи кезеңі.

Отбасы және шыққан тегі

Данна танымал саяси және ғылыми әулеттен шыққан. Анасы — Гүлжана Карагусова, Қазақстанның бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, сондай-ақ Сенат мүшесі.

Ағасы Фархад Карагусов қаржы саласында қызмет етеді — Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі директорлар кеңесінің мүшесі және Sky Bridge Capital компаниясында басшылық қызмет атқарады.

Інісі Роман Романов 2016 жылдан бері Павлодар облысының депутаты, бұған дейін “Қазақстан алюминийі” акционерлік қоғамын басқарған.

Жеке өмірі

Данна әлеуметтік желілерде белсенді — ол Instagram арқылы өмірі, сапарлары және кәсіби қызметі туралы бөлісіп отырады. Бұрын блогер Бейбит Алибековпен үйленген, кейін ажырасқан. Олардың үш баласы бар.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Орталық Азиядағы тұңғыш әйел ғарышқа қадам жасады