date

Израиль әскері Газадан шегіне бастады, бейбітшілікке деген үміт күшейді

Израиль әскері Газадан шегіне бастады, бейбітшілікке деген үміт күшейді

Израиль қорғаныс армиясы жұма күні түстен кейін "жаңартылған орналасу сызықтары бойынша позицияларды алуды" бастағанын хабарлады. Бұл хабар ХАМАС пен Израиль арасындағы келісім негізінде атысты тоқтату режимі күшіне енгенін білдіреді.

Бейсенбі күні Израиль үкіметі АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен әзірленген жаңа бейбітшілік жоспарын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, Израиль армиясы белгіленген позицияларға орналасқаннан кейін ХАМАС тарапынан кепілге алынған израильдіктерді қайтару үшін 72 сағат уақыт беріледі.

"Оңтүстік қолбасшылығының әскерилері өз позицияларында тұр және кез келген тікелей қауіпке жауап беруді жалғастырады," - делінген Израиль қорғаныс армиясының мәлімдемесінде.

Әзірге Израиль әскері нақты қай аумақтардан шегінетіні туралы ресми ақпарат берілмеген. Бірақ AFP агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, әскери техника Хан-Юнустың кейбір аудандары мен Газа қаласының солтүстік-батыс шетінен шығарылған.

Бұл хабардан кейін бүкіл Газа халқы өз аумақтарына оралу туралы сигнал берілуін күтуде. Израиль баспасөзінің хабарлауынша, кешеден бері әл-Рашид жолында күтіп тұрған жүздеген палестиналық солтүстікке қарай жылжи бастаған.

Сонымен қатар, израильдік әскерилер тұрғындарды тек рұқсат етілген бағыттар бойынша жүруді сұрап, әзірге Израиль әскерлері орналасқан аумақтарға жақындамау керектігін ескертеді.

Қазіргі уақытта Израиль армиясы әлі де Газа аумағының шамамен жартысынан астамын, яғни 53 пайызын бақылауда ұстап отыр. Бұл аймақтың негізгі бөлігі қала сыртындағы буферлік аймақтардан тұрады, олар Мысыр шекарасындағы Филадельфия дәлізін, Бәйт-Ханун және Бәйт-Лахия аудандарын және Газа қаласының шығыс бөліктерін қамтиды.

"Келісім бойынша, САХАЛ әскерлері белгілі бір аумақтарда қалады. Келесі ескерту берілмейінше бұл жерлерге жақындамаңыз - бұл өміріңізге қауіп төндіруі мүмкін," - делінген Израиль армиясының араб тіліндегі ресми үндеуінде.

Израиль армиясының өкілі полковник Авичай Адрай да осындай мәлімдеме жасап, "буферлік аймаққа жақындау өте қауіпті" екенін атап өтті.

Сонымен қатар, жұма күні таңертең Израиль мен Газа шекарасының үстінде түтін сақиналары көрінгені хабарланды. Хан Юнус төңірегінде артиллериялық атыс байқалғаны және Нецарим дәлізі аумағында атыс дыбыстары естілгені хабарланды.

Дегенмен, көпшілік бұл келісімді қақтығыстың уақытша болса да тоқтауы, адамдардың үйлеріне оралу мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Газа халқы қазір шынайы бейбітшілік болжамын үмітпен күтуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Израиль әскері Газадан шегіне бастады, бейбітшілікке деген үміт күшейді