Америка Құрама Штаттары Мексикамен шекара бойында заманауи "ақылды қабырға" салу жобасын бастады. Newsmax телеарнасының хабарлауынша, Дональд Трамп әкімшілігі бұл мақсатқа 4,5 миллиард доллар бөліп, құрылыс жұмыстарына он келісімшартқа қол қойған.
Мәліметтерге қарағанда, 15-30 сентябрь аралығында жасалған келісімдер "One Big Beautiful Bill" заңы аясында жүзеге асырылуда. Оған сәйкес 370 шақырым қоршау мен 640 шақырым технологиялық инфрақұрылым салу жоспарланған.
"Smart Wall" жүйесі дәстүрлі қоршаулардан айырмашылығы болат конструкциялармен, патрульдік жолдармен, жарықтандыру құралдарымен, камералармен және сенсорлармен жабдықталады. Бұл технология шекараны заңсыз кесіп өту жағдайларын нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.
Кеден және шекара қызметі мәлімдемесінде айтылғандай, бұл жоба Трамп әкімшілігінің шекара қауіпсіздігін күшейту туралы берген уәделерін жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Еске сала кетейік, Трамп өзінің инаугурациясында-ақ АҚШ-қа заңсыз кіруді тоқтату және мигранттар ағынын шектеу ниетінде екенін мәлімдеп, оңтүстік шекарада төтенше жағдай жариялаған болатын.
Мамандардың айтуынша, жаңа "ақылды қабырға" физикалық тосқауылмен цифрлық бақылауды үйлестіре отырып, көші-қон мен контрабанда жағдайларын айтарлықтай азайтады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!