date

Үндістанда автобус өртеніп, 20 жолаушы қаза тапты

Үндістанда автобус өртеніп, 20 жолаушы қаза тапты

Үндістанның батысындағы Раджастан штатында жантүршігерлік жол апаты болды. Джайсалмер-Джодхпур тасжолында келе жатқан жолаушылар автобусы кенеттен өртеніп кетті. NDTV телеарнасының хабарлауынша, оқиға салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тауып, тағы 10-нан астам адам жарақат алды.

Мәліметтерге қарағанда, автобуста барлығы 57 жолаушы болған. Куәгерлердің айтуынша, олар алдымен көліктің артынан түтін шыққанын көрген. Жүргізуші жағдайды бағалау үшін жол жиегіне тоқтаған, бірақ бірнеше минут ішінде бүкіл автобусты от шарпыған.

Өрт қатты өршігендіктен, көптеген жолаушылар сыртқа шығып үлгермеді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде автобус толығымен дерлік өртеніп кеткен.

Жарақат алғандар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың кейбіреулерінің жағдайы ауыр, көбісі ауыр күйік жарақатын алған. Қазір құрбандар саны артуы мүмкін екені айтылуда.

Ресми мәлімет бойынша, өртке қысқа электр тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Бірақ полиция мен мамандар нақты себепті анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастады.

Раджастан үкіметі қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Үндістанның бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаны елдегі соңғы жылдардағы ең ауыр көлік апаттарының бірі ретінде сипаттауда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Үндістанда автобус өртеніп, 20 жолаушы қаза тапты