date

Үндістанда 74 жастағы ер адам өз жерлеу рәсімін өткізді

Үндістанда 74 жастағы ер адам өз жерлеу рәсімін өткізді

Үндістанның Бихар штатында өте ерекше оқиға болды. 74 жастағы бұрынғы әскери Мохан Лал тірі кезінде өзінің жерлеу рәсімін өзі ұйымдастырды. Оның айтуынша, бұл арқылы адамдар оның өліміне қалай қарайтынын және кімнің шын жүректен қайғыратынын білгісі келген. Бұл туралы Gulf News басылымы хабарлады.

Оқиға Гайя ауданындағы Кончи ауылында болған. Мохан Лал өзін марқұм ретінде табытқа жатқызып, қаралы әндер айтылып, ауыл көшелері арқылы "жерлеу рәсімі" өткізілді. Тіпті нағыз жерлеу ғұрпына тән барлық іс-әрекеттер жасалды.

Деректерге қарағанда, Лал бұл "шоуды" өзі жоспарлаған. Ол ауыл тұрғындарының барлығы келіп, қатысуын қалады. Адамдар жылап, қайғырып жатқанда, ол кенет табыттан шығып, көпшілікті таң қалдырды. Содан кейін символдық мүсінше жағылып, үлкен мереке ұйымдастырылды.

Неліктен ол мұны жасады деген сұраққа Мохан Лал былай деп жауап берді:

"Адам өлгеннен кейін оның табытын көтереді. Ал мен тірі кезімде мұны көргім келді - халқымның құрметі мен мейірімін сезінгім келді."

Ауыл тұрғындары Лалды құрметтейді. Себебі - ол бұған дейін жаңбырлы маусымда жерлеу мәселесін жеңілдету үшін заманауи крематорий салдырған. Осы істері арқылы адамдар оны әділ және халықшыл адам ретінде таниды.

Үнді БАҚ-тарының жазуынша, Мохан Лалды бұл жұмысқа өзіне деген сүйіспеншілік пен назардың жетіспеушілігі итермелеген болуы мүмкін. Оның "қазасы" ауылда үлкен шу шығарды және көптеген адамдар бұл жағдайды таңқаларлық қана емес, сонымен қатар өмір туралы ойланатын оқиға деп бағалады.

Мохан Лал қазір де ауылда белсенді өмір сүреді және өзін "бір рет өлген, енді шынымен тірі" деп әзілдейді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Үндістанда 74 жастағы ер адам өз жерлеу рәсімін өткізді