date

Манас астана бола ма? Ташиевтен күтпеген мәлімдеме

Манас астана бола ма? Ташиевтен күтпеген мәлімдеме

Қырғызстанда Жалал-Абад қаласының атауы Манас болып өзгергеннен кейін, елде қызу пікірталастар басталды. 24.kg басылымының хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамчыбек Ташиев Манастың болашақта астанаға айналуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Ташиевтің айтуынша, 2026 жылы Манас Бішкек пен Оштан кейін республикалық маңызы бар үшінші қала мәртебесін алады. Ол Жалал-Абадты Манас деп қайта атау стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім болғанын атап өтті, өйткені бұл өңір “елдің болашағы зор даму нүктелерінің біріне айналды.”

«Кейбіреулер Манас астана болуы мүмкін дейді. Егер біз соған лайық болсақ, неге болмасын? Бірақ бұл оңай емес — қаланы, халықты дайындап, рухани тұрғыдан жаңару қажет. Астана болу — үлкен жауапкершілік, ол үшін заманауи инфрақұрылым мен ірі инвестициялар керек», — деді ол.

Сонымен қатар, Ташиев қалада кең ауқымды құрылыс және инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. «Манас Қырғызстанның ең заманауи және дамыған қалаларының біріне айналуы тиіс», — деп қосты ол.

Айта кетсек, 17 қыркүйекте Президент Садыр Жапаров Жалал-Абад қаласын Манас деп қайта атау туралы заңға қол қойды. Заң 10 қыркүйекте Жогорку Кенеш тарапынан қабылданған. Ресми түсіндірмеде мақсат — ұлттық идеологияны нығайту және халық батыры Манастың есімін ұлықтау екені айтылған.

Жалал-Абад облысы Өзбекстанның үш облысымен шектеседі. Қаланың аумағы 64,6 шаршы шақырымды құрайды. Онда 186 мыңнан астам адам тұрады, олардың ішінде өзбектер де көп.

Бұл жаңалық қырғыз қоғамында үлкен қызығушылық тудырды — біреулер мұны ұлттық мақтаныштың нышаны деп есептесе, енді біреулер астананы көшіру идеясын сақтықпен қабылдап отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Манас астана бола ма? Ташиевтен күтпеген мәлімдеме