
Германия қорғаныс әлеуетін нығайту және ядролық тоқтату әлеуетін арттыру мақсатында АҚШ-тан қосымша 15 заманалық F-35 жойғыш ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр, деп хабарлады "Spiegel" басылымы Германия Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйеніп.
Дереккөз мәліметінше, Қорғаныс министрі Борис Писториустың бастамасымен жаңа сатып алу жоспары дайындалуда және бұл жоспар Бундестагтың бюджет комитетіне ұсынылған. Жоба жүзеге асса, жалпы құны шамамен 2,5 миллиард еуроға тең болады. Сатып алу Lockheed Martin корпорациясымен жасалған келісімшарт аясында жүзеге асырылады.
Ақпарат үшін, Германия үкіметі бұған дейін де 35 F-35 жойғышына тапсырыс берген болатын. Бұл ұшақтардың алғашқы партиясы 2027 жылы Германия қарулы күштерінің қарамағына тапсырылады деп күтілуде. Жаңа F-35 ұшақтары елдегі ескірген Торнадо жойғыштарын біртіндеп алмастырады.
Торнадолардың негізгі міндеті - Германия аумағында орналасқан АҚШ-тың ядролық оқтұмсықтарын тасымалдау және НАТО аясында ядролық тоқтау міндетін орындау.
"Spiegel" мәліметінше, НАТО-ның жаңа талаптарын орындау үшін Германияның әскери авиация паркін одан әрі кеңейту қажет болады. Қазіргі уақытта ел 20 Eurofighter ұшағына тапсырыс берген және болашақта бесінші буын жойғыштарын орналастыру үшін тағы бір авиабазаның құрылысы күтілуде.
Сонымен қатар, қазір Торнадо жойғыштары мен АҚШ-тың ядролық қару-жарағы орналасқан Бюхель авиабазасын жаңарту жұмыстары жоспардан әлдеқайда күрделі. Жаңғырту шығындары бастапқыда жоспарланған 700 миллион еуродан екі миллиард еуроға дейін артқаны айтылады.
Еске сала кетейік, осы күндері Индонезия да қорғаныс жүйесін жаңарту аясында Қытайдан 42 Chengdu J-10C жойғыш ұшағын сатып алу ниеті туралы хабарланған болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!