Дубайда 22 жастағы қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Қазақстанның жас азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінде ауыр жазаға кесілді. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, 22 жастағы жігітті Дубай соты өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 18 наурызда Дубайдың бірінші инстанция соты аталған азаматты бірнеше ауыр қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған өмір бойына түрмеге қамау және қаржылай айыппұл жазасын тағайындады.
Жігіттің жақындары оның 2024 жылы жұмыс істеу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктеріне кеткенін, онда жүргізуші болып еңбек еткенін айтуда. Олардың пайымдауынша, ол жазықсыз болуы мүмкін және жаланың құрбанына айналған болуы ықтимал.
Аталған іске қатысты Әлібек Бақаев түсініктеме беріп, әзірге жігітті отанына экстрадициялау мәселесі қарастырылмай жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта апелляциялық процесс жүріп жатыр және барлық құқықтық кезеңдер аяқталмайынша, бұл туралы шешім қабылданбайды.
Сондай-ақ, іс Біріккен Араб Әмірліктерінің заңнамасы негізінде қаралып жатқаны атап өтілді. Қазіргі уақытта адвокаттар мен Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы аталған мәселемен айналысуда.
Ресми өкілдердің мәлімдеуінше, консулдық тарапынан азаматқа қажетті құқықтық және практикалық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай министрліктің бақылауында және барлық процестер мұқият қадағалануда.