date

Ғазадағы балалар сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр: себебі неде

Газадағы балалар сөйлеу қабілетінен айырылуда: себебі неде?

Газадағы соғыс салдары тек ғимараттарды ғана емес, балалардың психикасын да талқандап жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, аймақта көптеген баланың сөйлеу қабілетінен айырылып жатқаны тіркелуде. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.

Мысал ретінде бес жасар Жад Зохудты келтіруге болады. Ол үйінің маңында болған жойқын жарылыстан кейін кенеттен сөйлемей қалған. Мамандар мұндай жағдайлардың барған сайын жиілеп бара жатқанын алға тартады.

Дәрігерлердің пікірінше, кейбір балаларда сөйлеу қабілетінің жоғалуына физикалық жарақаттар — бас миының зақымдануы немесе жарылыс толқыны себеп болса, басқаларында бұл ауыр психологиялық соққының нәтижесі болып табылады. Яғни, бала ешқандай сыртқы жарақатсыз-ақ «үнсіздікке шомуы» мүмкін.

«Шекарасыз шипагерлер» ұйымымен жұмыс істеген психотерапевт Катрин Брубакк бұл құбылысты «үнсіз ауырсыну» деп сипаттайды. Оның айтуынша, бала қатты қорқыныш пен қауіпті сезінгенде, ағза қорғаныс реакциясы ретінде «қатып қалу» күйіне өтеді және сөйлеу функциясы уақытша блокталады.

Газа қаласындағы дәрігерлер де бұл мәселенің өршіп тұрғанын растап отыр. Маман Муса әл-Хортидің айтуынша, балалар арасында селективті мутизм немесе истерриялық афония жағдайлары көбейген. Бұл стресс салдарынан дауыстың шықпауымен түсіндіріледі.

Мұндай жағдайлардың бірі төрт жасар Лусин Тамбураның басынан өткен. Ол әуе соққысы кезінде жоғарғы қабаттан құлап, тек физикалық қана емес, сонымен бірге сөйлеу қабілетіне қатысты қиындықтарға тап болған. Қазір оның жағдайы жартылай жақсарғанымен, сөйлеуі әлі толық қалпына келген жоқ.

Мамандар ұзаққа созылған стресс миды үнемі «қауіп режимінде» ұстайтынын ескертеді. Бұл баланың дамуына, сезімдерін білдіруіне және оқу қабілетіне кері әсерін тигізеді.

Сонымен қатар, емделу мүмкіндігі де бар. Бірақ бұл процесс өте баяу жүреді және ерекше ұқыптылықты талап етеді. Психологтар түрлі әдістер, соның ішінде қарапайым ойындар мен жаттығулар арқылы балаларды біртіндеп қарым-қатынасқа қайтаруға тырысуда.

Сарапшылардың пікірінше, ең басты фактор — қауіпсіз орта қалыптастыру. Алайда, Газадағы қазіргі жағдайда мұндай ортаны қамтамасыз ету өте қиын болып отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Ғазадағы балалар сөйлеу қабілетінен айырылып жатыр: себебі неде