Иранға қарсы соғыс АҚШ-қа 25 миллиард долларға түскені белгілі болды

Таяу Шығыстағы шиеленіс АҚШ үшін тек саяси ғана емес, сонымен қатар үлкен қаржылық жүкке айналуда. Reuters агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, Иранға қарсы әскери іс-қимылдар Америка бюджетіне 25 миллиард долларға түскен.
Бұл туралы Пентагонның қаржы мәселелері жөніндегі көмекшісінің міндетін атқарушы Жюль Херст Өкілдер палатасындағы тыңдауда мәлімдеді. Оның атап өтуінше, бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі оқ-дәрілер мен әскери ресурстарға жұмсалған.
Белгілі болғандай, 28 ақпан күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастап, бірқатар қалаларға әуеден соққы берген болатын. Бұған жауап ретінде Иран да қарсы шабуылға шығып, Израиль аумағына зымыранмен соққы берді және Парсы шығанағындағы Американың әскери базаларына шабуыл жасады.
2026 жылғы сәуір айында жағдай уақытша бәсеңдеді — тараптар екі апталық бітімге келді. Сондай-ақ, Пәкістанның араағайындығымен Исламабад қаласында келіссөздер ұйымдастырылды.
Алайда ұзақ талқылауларға қарамастан, Исламабадтағы кездесулер нақты келісімсіз аяқталды.
Вашингтон қысымды күшейту мақсатында Иран порттары мен стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы өтуді шектеу шараларын көрді. Иран болса, өз кезегінде бұл аймақтың әлдеқашан жабылғанын мәлімдеп, осы арқылы өңірдегі шиеленісті одан әрі арттырды.
Бұл жағдай жаһандық энергия нарығына да әсер етті. Мұнай мен газ жеткізу тізбегіндегі үзілістер әлемдік деңгейде энергетикалық дағдарыс қаупін күшейтті.
Қысқаша айтқанда, бұл қақтығыс тек әскери ғана емес — экономикалық және геосаяси салдарымен де бүкіл әлемге әсер етуде. Ал алдағы оқиғалардың жаһандық тұрақтылыққа қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.