Екі ханшайымға қастандық жасау жоспары: Нидерландыда сот басталды

Нидерландта шулы қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды. Ел тағының мұрагері Катарина-Амалия мен оның сіңлісі Алексияға қастандық жасауды жоспарлады деген күдікпен бір адамға қатысты іс қарала бастады.
Мәлім етілгендей, Гаага қаласының 33 жастағы тұрғыны 2026 жылғы ақпанда шабуылды жоспарлаған. Виллем-Александр сарайының дәл осы қалада орналасуы жағдайдың күрделілігін арттыра түседі.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктіден екі балта табылды, олардың бетінде әртүрлі жазулар, соның ішінде ханшайымдардың есімдері және басқа да күдікті сөздер жазылған. Сондай-ақ, одан табылған қолжазбада ықтимал «қырғынға» нұсқайтын жазбалар анықталды.
Ресми дереккөздер күдіктінің жеке басы мен оның әрекеттерінің нақты себептері туралы әзірге толық ақпарат берген жоқ. Тек оның психикалық жағдайына байланысты мәселелері бар екені айтылды.
Оның адвокаты іс бойынша қосымша ақпаратты жарияламауды жөн көрді.
Айта кетейік, Катарина-Амалия бұған дейін де қауіп-қатерге тап болған. Мысалы, 2020 жылы ол 17 жаста болған кезінде бір адам тарапынан елеулі қауіп төніп, сол себепті біраз уақыт жасырынып өмір сүруге мәжбүр болған еді.
Сондай-ақ, 2023 жылы тағы бір күдікті осы ханшайымға қатысты қорқыту әрекеттеріне қатысқаны үшін ұсталған болатын. Бұл оқиғалардан кейін корольдік отбасы қауіпсіздік шараларын барынша күшейтті.
Мәлім болғандай, қауіпсіздік мақсатында ханшайым қарапайым студенттер секілді өмір сүре алмады, тіпті біраз уақыт Мадрид қаласында тұрып, білім алуға мәжбүр болды.
Қазіргі таңда бұл іс қоғамның назарында, сот шешімі үлкен қызығушылықпен күтілуде.