Амстердамда ет пен отын жарнамасына толықтай тыйым салынды

Нидерландия астанасы Амстердам тағы бір тың қадаммен әлем назарын өзіне аударды. Енді бұл қалада ет өнімдері мен отынға қатысты сыртқы жарнамаларға толықтай тыйым салынды.
1 мамырдан бастап қала көшелеріндегі билбордтарда, трамвай және метро аялдамаларында бургерлер, бензинмен жүретін автокөліктер мен әуе рейстерінің жарнамалары алынып тасталды. Бұрын адам көп жүретін орындарда тауық еті өнімдері, жол талғамайтын көліктер мен арзан саяхаттар насихатталса, енді олардың орнын мәдени іс-шаралар мен мұражайлар жарнамасы басады деп күтілуде.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл шешім қаланы экологиялық мақсаттарға жақындатуға қызмет етеді. Атап айтқанда, Амстердам 2050 жылға қарай көміртегі қалдықтарын нөлдік деңгейге түсіруді және ет тұтынуды айтарлықтай азайтуды жоспарлап отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл тыйым жарнама саласына ғана емес, халықтың күнделікті таңдауына да әсер етуі мүмкін. Осы арқылы ет тұтынуды және қоршаған ортаға зиян келтіретін өнімдерге деген сұранысты қысқарту көзделген.
Мәлім етілгендей, бұрын ет жарнамасы жалпы нарықтың өте аз бөлігін құрағанымен, отын мен көлікке қатысты жарнамалар айтарлықтай үлеске ие болған. Енді бұл бағыттар да экологиялық саясат аясында шектелуде.
Айта кетейік, Еуропа елдерінде салауатты өмір салтын насихаттау және қоршаған ортаны қорғау бойынша осындай шектеулер көбейіп келеді.