date

Барак Обама «51-аймақ» және өзгеғаламшарлықтар туралы айтты

АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама тағы да өзгеғаламшарлықтар тақырыбындағы пікірлерімен жұртшылық назарына ілікті. CBS телеарнасында танымал жүргізуші Стивен Колберге берген сұхбатында ол үкіметтің өзгеғаламшарлықтарға қатысты ақпаратты ұзақ уақыт құпия сақтай алмайтынын атап өтті.

Бұрынғы президенттің айтуынша, Вашингтонда құпия ақпаратты жасыру өте қиын.

— Бұл президент ретінде түсінетін нәрселердің бірі. Вашингтонда құпиялар өте нашар сақталады, — деді Барак Обама.

Оның пікірінше, егер АҚШ үкіметі шынымен де өзгеғаламшарлықтар немесе белгісіз нысандар туралы ақпаратқа ие болса, бұл ерте ме, кеш пе бәрібір ашылар еді.

— Ант етемін, қандай да бір нысанды күзетіп тұрған жігіт әлдеқашан өзгеғаламшарлықпен селфи түсіріп, оны сүйіктісіне жіберген болар еді, — деп әзілдеді бұрынғы президент.

Бұл бірінші рет емес. Жыл басында Барак Обама подкасттардың біріне берген сұхбатында да ғаламда тіршіліктің болу ықтималдығы туралы айтқан болатын.

Оның айтуынша, өзгеғаламшарлықтар шынымен болуы мүмкін, бірақ олардың Жерге келіп жатқаны туралы нақты дәлелдер жоқ.

— Олар шынайы болуы мүмкін, бірақ мен оларды көрген емеспін. Олар «51-аймақта» сақталмайды. Егер өте үлкен қастандық болмаса және мұны тіпті АҚШ президентінен де жасырмаған болса, ешқандай жер асты нысандары жоқ, — деді ол.

Кейін бұрынғы президент ғаламның шексіздігіне байланысты қайсыбір жерде тіршілік нысандарының болу ықтималдығы жоғары екенін, бірақ адамдармен байланыс деңгейіндегі өзгеғаламшарлық өркениеттер туралы сенімді ақпарат жоқтығын атап өтті.

Анықтама үшін: «51-аймақ» — АҚШ-тағы ең танымал құпия нысандардың бірі. Ол ұзақ жылдар бойы түрлі қастандық теорияларының орталығында болып келеді. Әсіресе, бұқаралық мәдениетте ол жерде өзгеғаламшарлықтар мен құпия технологиялар сақталады деген болжамдар кең таралған.

Қызығы сол, АҚШ Орталық барлау басқармасы бұл базаның бар екенін ресми түрде тек 2013 жылы ғана мойындаған еді.

Бұрынғы президенттің бұл тақырыптағы әзіл аралас мәлімдемелері әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға себеп болды. Кейбіреулер оның пікірлерін жай ғана юмор деп қабылдаса, басқалары бұл тақырыпта әлі де көптеген құпиялар бар екеніне сенетінін жасырмайды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Барак Обама «51-аймақ» және өзгеғаламшарлықтар туралы айтты