Иран мен АҚШ арасында жаңа айыптаулар айтылуда

Иранның «Хатам әл-Анбия» әскери қолбасшылығы Америка Құрама Штаттарын бейбіт келісімді бұзды деп айыптады. Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы таратқан мәлімдемеде америкалық әскерилердің Ормуз бұғазына бет алған ирандық мұнай танкеріне оқ атқаны айтылған. Сондай-ақ, Фуджейра порты маңында тағы бір ирандық кемеге шабуыл жасалғаны атап өтілді.
Мәлімдемеде АҚШ-тың кейбір аймақтық мемлекеттермен бірлесе отырып, Хемир, Сирик және Кешм аралдарындағы бейбіт тұрғындар мекендейтін аумақтарға әуе соққыларын жасағаны да айтылған. Иран тарапы бұл әрекеттерді жағдайды одан әрі ушықтыратын қадам ретінде бағалап отыр.
Тегеранның хабарлауынша, бұл шабуылдарға жауап ретінде Иран қарулы күштері Ормуз бұғазының шығыс бөлігі мен Чабахар портының оңтүстігінде орналасқан АҚШ әскери кемелеріне соққы берген. Мәлімдемеде америкалық кемелерге айтарлықтай нұқсан келгені атап көрсетілген.
Бұған дейін Fox News телеарнасы АҚШ әскерилерінің Иранның Кешм порты мен оңтүстіктегі Бендер-Аббас аудандарына шабуыл жасағаны туралы хабарлаған болатын. Әзірге Вашингтон билігі жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.




















Пікірлер 0
…