date

Ливандағы Мәриям ана мүсініне қатысты жанжал ушығып барады

Ливандағы Мәриям ана мүсініне қатысты жанжал ушығып барады

Ливандағы Мәриям ана мүсінін қорлап жатқан израильдік әскери қызметкердің суреті әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осы оқиғадан кейін Израиль армиясы ресми тергеу басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.

Армия бұл жағдайға «байыппен қарайтынын» және сарбазға қатысты тиісті шаралар қолданылатынын уәде етті. Сурет бірнеше апта бұрын Ливанның христиандар тұратын Дебел ауылында түсіріліп, 6 мамырда интернет желісінде танымал болды. Кадрда израильдік сарбаздың мүсіннің аузына темекі қойып, өзі де темекі шегіп тұрғаны көрінеді.

«Бұл Ливанның оңтүстігінде израильдік әскерилердің діни орындарды қорлауы, мүлікті қиратуы және тонауына қатысты оқиғалар тізбегінің кезектісі», - деп жазды Al Jazeera.

Сәуір айында да осы ауылда израильдік сарбаздың Иса мүсінін балғамен ұрғаны туралы хабарлар тараған болатын. Мүсінге зақым келтірген сарбаз бен оны түсірген әріптесі жауынгерлік міндеттерден шеттетіліп, 30 тәулікке қамалды.

Сондай-ақ, Израиль әскерлері Дебелдегі күн панельдерін бульдозерлердің көмегімен жойып, үйлерге, жолдарға және зәйтүн ағаштарына да зиян келтіргені айтылуда.

Бұл оқиғалар Израильдің Бейрут пен Ливанның басқа аймақтарына шабуылдарын күшейтіп, бұл әрекеттерді «Хезболла» жауынгерлері мен олардың инфрақұрылымына қарсы операция ретінде түсіндіріп жатқан тұста орын алуда. Қазіргі уақытта Израиль әскерлері Ливанның оңтүстігіндегі бірқатар аумақтарды бақылауға алып, ауылдарды қиратуды жалғастырып жатқаны атап өтілді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Ливандағы Мәриям ана мүсініне қатысты жанжал ушығып барады