Трамптың Қытайға сапары кезінде Ормуз бұғазын ашу бойынша нақты нәтижеге қол жеткізілмегені айтылуда

АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытайға сапары барысында Ормуз бұғазын ашу мәселесі бойынша нақты нәтижеге қол жеткізілмегені айтылуда. Bloomberg мәліметтеріне сәйкес, Иран бұғаз үстіндегі бақылауды жеңілдетуге әзірге үлкен қызығушылық танытпай отыр.
Иран президенті Масуд Пезешкиан елінің Ормуз бұғазында «тиімді және кәсіби бақылау тетіктерін» енгізетінін мәлімдеді. Бұл соғыс аяқталған күннің өзінде Теһранның осы стратегиялық дәлізді бақылауда ұстағысы келетінін көрсетеді.
Сонымен қатар, Қытай сыртқы істер министрі Ван И Ормуз бұғазы мүмкіндігінше тезірек ашылуы керек екенін атап өтті. Алайда Бейжің мен Вашингтон бұл мәселеде пікірлес көрінгенімен, іс жүзінде бұғаз жабық күйінде қалып отыр.
Агенттік Қытайдың АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдарын бірнеше рет сынағанын атап өтті. Сол себепті Трамп пен Си Цзиньпин кездесуінде Таяу Шығыс бойынша ортақ ұстаным көрсетуге талпыныс болғанымен, тараптар негізінен әртүрлі көзқараста қалуда.
Кемелерге шабуыл жасау қаупіне байланысты Ормуздағы қозғалыс қайтадан күрт шектелді. Marinetraffic мәліметтеріне сәйкес, соңғы бір тәулікте бұғаздан небәрі бес кеме өткен.




















Пікірлер 0
…