38 градус ыстықта көлікте қалған екі жасар қыз қайтыс болды

АҚШ-тың Флорида штатында жүректі ауыртатын қайғылы оқиға болды. Көліктің ішінде қалып қойған екі жасар қыз қатты ыстықтың әсерінен көз жұмды. CBS News хабарлауынша, қайғылы оқиға кезінде бала күтушісінің қарауында болған.
Мәліметке сәйкес, оқиға Майами қаласынан шамамен 32 шақырым солтүстікте орналасқан Халландейл-Бич қаласында болған. 5 шілде күні сағат 13:35 шамасында полиция қызметкерлері шақырту бойынша тұрғын үйлердің біріне жетіп, аулада тұрған минивэннің ішінде екі жасар қызды тапқан.
Сол күні қалада ауа температурасы 38 градусқа дейін көтерілген, ал жабық көліктің ішіндегі температура бұдан да жоғары болуы мүмкін. Құтқарушылар баланы шұғыл түрде ауруханаға жеткізген, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Қыздың көлікте нақты қанша уақыт қалғаны әзірге белгісіз.
Полиция мәліметінше, қазір бұл жағдай бойынша прокурорлар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасып жатқандықтан, әзірге ешкімге ресми айып тағылған жоқ.
Құқық қорғау органдары осы оқиғадан кейін барлық ата-аналарға, қамқоршыларға және бала күтушілеріне тағы да маңызды ескерту жасады.
«Бұл — өте ауыр әрі қайғылы қаза. Біз баланың отбасына және осы қасіреттен зардап шеккен барлық адамдарға көңіл айтамыз. Сондай-ақ барлық ата-аналарға, қамқоршыларға және бала күтушілеріне тағы да ескертеміз: көлікті құлыптап кетер алдында артқы орынды әрдайым тексеріңіздер», — делінген полицияның ресми мәлімдемесінде.
KidsAndCars.org үкіметтік емес ұйымының мәліметінше, бұл АҚШ-та 2026 жылдың басынан бері ыстықта көліктің ішінде қалып қою салдарынан қаза тапқан кем дегенде оныншы бала. Ал 2025 жылы ел бойынша осындай қайғылы оқиғалардан кемінде 37 бала көз жұмған.



















Пікірлер 0
…