date

Өзбекстанда кәсіпкерлер үшін "Бизнес серіктес" орталықтары ашылады

Өзбекстанда кәсіпкерлер үшін "Бизнес серіктес" орталықтары ашылады

Президент Шавкат Мирзияев 1 желтоқсанда экспорттық әлеуетті арттыру және кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдету бойынша тұсаукесермен танысты. Тұсаукесерде кәсіпкерлер үшін барлық мемлекеттік және жеке қызметтерді бір жерге шоғырландыратын "Бизнес серіктес" орталығын ашу ұсынылды.

Тұсаукесерде айтылғандай, Өзбекстан 2030 жылға қарай экспорт көлемін 45 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл көрсеткішке жету үшін дәстүрлі нарықтармен шектелмей, жоғары маржалы жаңа нарықтарға шығу қажет. Тұсаукесерде перспективалы нарық саналатын елдермен жеңілдікті сауданы жолға қою, сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру, экспорт-импорт көлемінің өсуіне сәйкес шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымы мен қуатын кеңейту қажеттігі айтылды.

Шенеуніктер өнімнің сыртқы нарықтардағы орны, сұранысқа ие тауар түрлері, шетелдік серіктестермен жүзеге асырылып жатқан ынтымақтастық жобалары және экспортты әртараптандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Бүгінде 81 мемлекеттік орган кәсіпкерлерге 739 қызмет түрін көрсетеді. Алайда 576 қызмет түрі шашыраңқы көрсетілгендіктен, кәсіпкерлер құжат жинап, кеңседен кеңсеге жүгіріп жүргені айтылды. Мысалы, ет өнімдерін өндіру үшін 17 сатыдан өтіп, 10 кеңсеге бару керек.

Сонымен қатар, бухгалтерлік есеп, салық, экспорт және сертификаттау бойынша консалтингтік қызмет көрсететін бірыңғай жеке сервистік алаң жоқ. Мұндай қызметтерді банктермен, сақтандыру компанияларымен, биржалармен, брокерлермен және логистикалық операторлармен, бизнес-білім беру және оқыту бағдарламаларымен біріктіруге болады.

Тұсаукесерде кәсіпкерлер үшін барлық мемлекеттік және жеке қызметтерді бір жерге шоғырландыратын "Бизнес серіктес" орталығын ашу ұсынылды.

Жоспарға сәйкес, Сауда-өнеркәсіп палатасы жанынан құрылатын орталықтарда барлық мемлекеттік және жеке қызметтерді "бір терезе" қағидаты негізінде бір жерде, бірыңғай электронды платформа арқылы көрсету жолға қойылады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің өтініштеріне күндіз-түні жауап беретін "колл-орталық" құрылады.

Президент ұсынысты мақұлдап, орталықтың кәсіпкерлік субъектісін құрудан бастап, оның қызметін жолға қоюға, дайын өнімдерді сатуға және экспортқа шығаруға дейінгі барлық саланы қамтуы керектігін атап өтті. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Экономика » Өзбекстанда кәсіпкерлер үшін "Бизнес серіктес" орталықтары ашылады