date

Өзбекстанда әйелдер ерлерге қарағанда көп өмір сүреді

Өзбекстанда әйелдер ерлерге қарағанда көп өмір сүреді

«Отбасы және гендер» ғылыми-зерттеу институтының дерегіне сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай елде 90 жастан асқан 18 915 адам тіркелген. Бұл елде өмір сүру ұзақтығының соңғы жылдары артып келе жатқанын көрсетеді.

Ұзақ ғұмыр иелерінің 66,3%-ын әйелдер, 34,6%-ын ерлер құрайды. Бұл — әлемдік үрдістерге сай көрсеткіш.

Сондай-ақ, қала тұрғындары арасында ұзақ өмір сүретіндер ауылдарға қарағанда көбірек (қалада — 56,5%, ауылда — 43,5%). Бұл айырмашылық медицина қызметі мен өмір сапасына байланысты.

Аймақтар бойынша ең көп ұзақ өмір сүретін адамдар Ферғана облысында (2 582 адам) тіркелген. Одан кейін Ташкент қаласы (2 155), Қашқадария (2 011), Сурхандария (1 799) және Ташкент облысы (1 740) тұр.

Демографиялық болжамдарға сәйкес, алдағы жылдары Өзбекстанда қарттар саны тұрақты түрде өседі. 2030 жылы бұл көрсеткіш 45 мыңға, ал 2040 жылы 94 мыңға жетеді деп күтілуде. Сарапшылар мұны 1935–1950 жылдары туған буынның егде жасқа жетуімен байланыстырады.

Сонымен қатар, елде орташа өмір сүру ұзақтығы да артып келеді. 2010 жылы орташа өмір ұзақтығы 73 жыл болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 75,1 жылды құрады.

Институт зерттеулеріне сәйкес, ұзақ өмір сүрудің басты факторы — әлеуметтік белсенділік. Сауалнамаға қатысқандардың 76,3%-ы белсенді өмір салты адамның рухани және физикалық саулығын сақтауға көмектеседі деп есептейді. Бұл көрсеткіш әйелдер (76,4%) мен ерлер (76%) арасында шамамен бірдей.

Генетикалық фактор да маңызды рөл атқарады: респонденттердің 38,8%-ы отбасында ұзақ өмір сүрген адамдар көп болғаны өз өмір ұзақтығына әсер еткенін айтқан.

Сарапшылардың пікірінше, салауатты өмір салтын қолдау, әлеуметтік белсенділікті арттыру және денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру арқылы елде ұзақ өмір сүретіндер саны алдағы жылдары одан әрі артады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Өзбекстанда әйелдер ерлерге қарағанда көп өмір сүреді