Хаби Алонсо кетуін «галактикос» мәдениетімен байланыстырды

Дүйсенбі күні «Реал Мадрид» Хаби Алонсоны бас бапкер қызметінен ресми түрде босатқанын хабарлады. Артынша испаниялық маманның кетуіне қатысты жаңа деректер жария бола бастады.
The Athletic мәліметінше, Испания Суперкубогының финалынан кейін Алонсо клубтың жаттығу базасына шақырылған. Сол жерде «корольдік клубтың» бас директоры Хосе Анхель Санчеспен кездесу өтіп, бапкерге ынтымақтастықтың тоқтатылатыны айтылған.
Дереккөзге сүйенсек, Алонсо бұл шешімді оңай қабылдамаған. Ол жұмыстан босатуды әділетсіз әрі қате деп санайтынын айтып, шешіммен келіспейтінін жеткізген. Ең қызығы — Алонсо кету себептерінің бірі ретінде клуб ішіндегі «галактикос» билік мәдениетін атағаны айтылуда. Яғни, команда ішінде белгілі бір күш орталықтары мен ықпал аймақтары болып, олардың жұмыс процесіне кері әсер еткені меңзеледі.
Анықтама үшін: Хаби Алонсо «аққаймақтыларды» 2025 жылғы 1 маусымда қабылдап алған еді. Демек, ол «Реалда» ұзақмерзімді жоба құруға үлгермей жатып, көп ұзамай ең үлкен қысым мен ішкі қайшылықтардың ошағына тап болды.
Қазір басты сұрақ біреу: «Реалда» мәселе тек нәтижеде ме, әлде клуб ішіндегі ахуалда да бар ма? Өйткені үлкен клубта үлкен есімдер болады — бірақ үлкен есімдер бір-бірін аямайтын режимде өмір сүрсе, бапкерге «тыныс» қалмайды.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!