date

АҚШ-тың келесі президенті кім болуы мүмкін?

АҚШ-тың келесі президенті кім болуы мүмкін?

АҚШ-тың саяси алаңында тағы да үлкен үнсіздіктен кейін қызу пікірталастар басталды. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио елдің келесі президенті кім болатыны туралы пікір білдіріп, бұл мәселеге қоғам назарын одан әрі күшейтті. Бұл туралы ол Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Reuters.

Рубионың айтуынша, қазіргі вице-президент Джей Ди Вэнс алдағы сайлауда Республикалық партиядан президенттікке ең мықты кандидат ретінде қарастырылуда. "Менің ойымша, егер ол осындай шешім қабылдаса, Америка Құрама Штаттарының вице-президенті Джей Ди Вэнс келесі Республикалық партиядан негізгі үміткер болады," - деді Рубио.

Оның айтуынша, Вэнс саяси тәжірибесімен ғана емес, жеке қабілетімен де елдің болашағы үшін үлкен мүмкіндіктерге ие. Рубио оны "жақсы дос және әлеуетті көшбасшы" ретінде сипаттап, оның жұмысын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Вэнс қазіргі президенттің командасымен үйлесімді жұмыс істеп, Дональд Трамптың саяси бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысып жатқанын атап өтті.

Соңғы айларда Джей Ди Вэнстің саяси болашағы туралы түрлі талдаулар мен пікірталастар көбейіп келеді. Трамптың өзі де 2025 жылдың август айында оны MAGA (Make America Great Again) қозғалысының "ең ықтимал мұрагері" деп атаған еді. Бұл оның партия ішіндегі беделін одан әрі нығайтты.

Reuters және Newsweek дереккөздеріне сүйенсек, Венс пен Рубио Трамптан кейін Республикалық партияның негізгі жетекшілері ретінде қарастырылуда. Бұл екі саясаткер Трамп идеяларын жаңа формада жалғастыру мүмкіндігіне ие деп бағалануда.

Ал Джей Ди Вэнс егер Трампқа бірдеңе болса, президенттік міндетін атқаруға дайын екенін бірнеше рет ашық айтты. Саяси бақылаушылардың пікірінше, оның вице-президент ретіндегі қызметі оған үлкен саяси тәжірибе берді және сайлаушылар алдындағы беделін нығайтты.

Рубио әзірге өз кандидатурасын ұсынғысы келмейтінін айтқанымен, Вэнсті "күшті және болашағы бар" саясаткер ретінде көретінін жасырмады. Оның пікірінше, Вэнстің саяси көзқарасы Америка элитасы арасында да қолдау табуда.

Осылайша, АҚШ-та 2028 жылғы президенттік сайлауға қатысты алдын ала бағалаулар мен болжамдар жандана бастады. Сарапшылардың көпшілігі Вашингтонның саяси сахнасында жаңару кезеңі басталуы мүмкін екенін айтуда - және бұл үдерісте Джей Ди Вэнстің есімі әлдеқашан орталық орынға ие болды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » АҚШ-тың келесі президенті кім болуы мүмкін?