date

Израильдің Катарға соққысы Трамп арқылы бітімге әкелді

Израильдің Катарға соққысы Трамп арқылы бітімге әкелді

Politico дерегінше, Израильдің бір ай бұрын Катар астанасына жасаған соққысы аймақтық саяси шиеленісті күшейтіп қана қоймай, АҚШ-тың белсенді дипломатиялық араласуына себеп болды. Нәтижесінде Газа секторында атысты тоқтату жарияланды.

Мәлімет бойынша, 9 қыркүйекте Израиль Катардың астанасы Дохаға әуе соққысын жасады. Израиль әскері 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылды ұйымдастырған ХАМАС жетекшілері негізгі нысана болғанын айтты. ХАМАС бес адамның, соның ішінде қозғалыстың бас келіссөзшісінің ұлы мен Катар қауіпсіздік қызметінің қызметкері қаза тапқанын хабарлады.

Осы оқиғадан кейін Катар Израильді “қорқақ шабуыл” жасады деп айыптап, Газа мәселесіндегі ара ағайындықтан бас тартатынын ескертті. Өз кезегінде Израиль Катарды “террористерді жасырып отыр” деп кінәлады. Алайда шиеленіс фонында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху айдың соңында Дохадан ресми түрде кешірім сұрады.

Politico жазғандай, бұл оқиға дипломатиялық үдерістегі бетбұрыс болды. АҚШ президенті Дональд Трамп осы жағдайды пайдаланып, Израильге айтарлықтай қысым көрсетіп, бейбіт келіссөздерді жеделдеткен.

Ақ үй деректері бойынша, Трамп Дохаға соққыдан кейін Израильді атысты тоқтатуға мәжбүрлеген. “Президент өте қатал әрекет етті. Бұл қысым Израильге бітімге келуден басқа амал қалдырмады,” — деді дереккөз.

Осылайша, Газа секторындағы бітім 10 қазаннан күшіне енді. Бірінші кезеңде ХАМАС тұтқындағы израильдіктерді босатады, ал Израиль палестиналық тұтқындарды босатып, әскерін келісілген шептерге әкетуі тиіс.

Сарапшылар бұл үдерісті “Катар соққысынан басталған дипломатиялық домино” деп атап отыр — ол тек Израиль саясатында ғана емес, Трамптың халықаралық беделінде де жаңа кезең ашты.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Израильдің Катарға соққысы Трамп арқылы бітімге әкелді