date

Араб елдері мен Израиль арасындағы жасырын одақ әшкереленді

Араб елдері мен Израиль арасындағы жасырын одақ әшкереленді

Газадағы соғысты ресми түрде айыптап келе жатқан араб мемлекеттерінің соңғы жылдары Израильмен қауіпсіздік саласында белсенді ынтымақтастық орнатып келгені белгілі болды. Бұл туралы америкалық The Washington Post басылымы өз дереккөздеріне және қолға түскен құпия құжаттарға сүйене отырып хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, Израиль мен алты араб елі — Бахрейн, Мысыр, Иордания, Катар, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері — АҚШ-тың қолдауымен «Өңірлік қауіпсіздік құрылымы» (Regional Security Construct) деп аталатын жаңа жүйені құрған. Кувейт пен Оман болашақта қосылуы мүмкін серіктестер ретінде қарастырылған.

Бұл құрылымның негізгі міндеті — Таяу Шығыстағы барлау мәліметтерімен алмасу, зымыран және дрон шабуылдарына қарсы күресті үйлестіру, сондай-ақ Иран мен оған жақын топтарға қарсы ортақ қауіпсіздік стратегиясын қалыптастыру болған. Құжаттарда Иран мен оның ықпалындағы ұйымдар «зұлымдық осі» ретінде сипатталғаны көрсетілген.

The Washington Post-тың мәліметінше, 2022–2025 жылдары Израиль мен аталған елдер АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) қамқорлығымен Бахрейн, Мысыр, Иордания және Катарда бірнеше құпия кездесулер өткізген.

Ынтымақтастық аясында қатысушы мемлекеттер Иранның зымырандары мен дрондарына қарсы бірыңғай қорғаныс жүйесін біріктірген. Сауд Арабиясы бұл процесте Израиль мен көршілес елдерге барлау ақпаратымен бөлісу арқылы басты рөл атқарған.

2024 жылы дайындалған құжатта 2026 жылға қарай Таяу Шығыста бірыңғай киберқауіпсіздік орталығын құру жоспарланғаны жазылған. Бұл орталық тек ақпарат алмасу емес, сонымен қатар киберқорғаныс бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізетін алаңға айналуы күтілуде.

Айта кету керек, өткен жылдың маусым айында Бахрейн астанасы Манама қаласында араб елдерінің қолбасшылары Израиль армиясы Бас штабының бастығы, генерал Херци Халевимен кездескен еді.

Сонымен бірге, ресми түрде араб мемлекеттері Газадағы қанды қақтығыстарды айыптап келе жатқанына қарамастан, бірқатар халықаралық дереккөздер олардың іс жүзінде Тель-Авивпен байланыстарын үзбегенін жазған. Мысалы, Axios басылымы сахна артындағы диалог пен жасырын ынтымақтастықтың әлі де жалғасып жатқанын атап өткен.

Германияның Bild газеті де 2023 жылдың желтоқсанында араб елдері жұрт алдында Израильдің Газадағы әрекеттерін сынға алғанымен, іс жүзінде оны ХАМАС-қа қарсы күресте қолдап отырғанын жазған еді.

2023 жылдың 11 қарашасында Сауд Арабиясында өткен Араб мемлекеттері лигасы мен Ислам ынтымақтастық ұйымының бірлескен жиынында Газадағы бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты Израильге қарсы нақты шаралар қабылдау туралы ұсыныс та қабылданбаған.

Кездесуде кейбір мұсылман елдері Израильге қысым жасау мақсатында мұнай эмбаргосын енгізу, дипломатиялық және экономикалық қатынастарды тоқтату, АҚШ әскери базалары арқылы қару-жарақ жеткізуді шектеу және Израильдің араб елдерінің әуе кеңістігін пайдалануына тыйым салу сияқты шараларды ұсынған. Алайда Сауд Арабиясы, Мысыр, БАӘ, Иордания, Бахрейн, Судан және Джибути бұл бастамаларды қолдамаған.

Осылайша, ресми риторика бейбітшілік туралы болып жатқан сәтте, араб елдері мен Израиль арасындағы жасырын қауіпсіздік ынтымақтастығы өңірдің саяси ахуалын түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Араб елдері мен Израиль арасындағы жасырын одақ әшкереленді