date

Путин мен Сирияның уақытша басшысы Мәскеуде маңызды келіссөздер өткізді

Путин мен Сирияның уақытша басшысы Мәскеуде маңызды келіссөздер өткізді

Сириядағы саяси өзгерістер аясында елдің уақытша президенті Ахмад әш-Шара алғаш рет ресми түрде Мәскеуге барды. Кремльде оны Ресей президенті Владимир Путин жеке қарсы алды, деп хабарлады ТАСС.

Кездесу екі ел арасындағы тарихи ынтымақтастыққа арналды. Путиннің айтуынша, Ресей мен Сирия арасындағы қатынастар көпжылдық сенім мен халықтар арасындағы терең байланыстарға негізделген.

— «Елдеріміз арасында ерекше, достық қатынастар қалыптасқан. Ресей әрқашан Сириямен өзара қарым-қатынасын тек сіздердің халқыңыздың мүддесі негізінде жүргізіп келеді», — деді Путин.

Кремль басшысы екі халықты тек саяси емес, сонымен бірге гуманитарлық байланыстар да біріктіріп тұрғанын атап өтті. — «Жүздеген, бәлкім мыңдаған адамдар некелік және достық қатынастар арқылы байланысқан. Бұл қатынастардың тарихи тамыры бар», — деді ол.

Путин Сирияда өткен соңғы парламенттік сайлауларды да талқылап, бұл үдеріс елдегі саяси күштер арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін айтты:
— «Сайлау нәтижелері қоғамды біріктіру мен саяси тұрақтылыққа ұмтылуда маңызды қадам болып табылады», — деді Ресей басшысы.

Ахмад әш-Шара өз кезегінде Ресейді «жаңа Сирияны қалпына келтірудегі басты серіктес» деп атады. Оның айтуынша, Мәскеу елді қайта құру мен бейбітшілікті нығайтуда шешуші рөл атқарады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Сирия президенті Мәскеудегі келіссөздер барысында қазіргі таңда Ресейде жасырынып жүрген бұрынғы президент Башар Асадтың тағдыры мәселесін де көтерген. Дереккөздердің айтуынша, Шара Асадты сириялықтарға қарсы жасалған қылмыстар үшін сотқа тапсыру туралы өтініш жасауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ол Тартус қаласындағы Ресейдің әскери-теңіз базасы мен Хмеймим авиабазасының қызметін жалғастыру бойынша да келіссөздер жүргізуде.

Келіссөздер жабық есік жағдайында өтті. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, Мәскеу мен Дамаск Ресейдің Сириядағы әскери қатысуы және «Ресей әскери нысандарының функцияларын ықтимал қайта форматтау контексінде» мәселелерді талқылаған.

Көп жылдар бойы Сирияны басқарған Башар Асадтың режимі 2024 жылдың 8 желтоқсанында Дамаскке қарулы оппозициялық топтардың кіруімен құлады. Асад пен оның отбасы Ресейге қашып, Мәскеу оларға «гуманитарлық негізде» баспана бергенін хабарлады.

Ахмад әш-Шара мен Владимир Путин арасындағы бұл кездесу Ресей мен Сирия арасындағы қатынастардың жаңа кезеңін бастайды деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу Сирияның жаңа саяси құрылымында да өз ықпалын сақтап қалуды мақсат тұтады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Путин мен Сирияның уақытша басшысы Мәскеуде маңызды келіссөздер өткізді