date

Путин мен Трамп диалогы Украина мәселесінде жаңа кезеңді бастады

Путин мен Трамп диалогы Украина мәселесінде жаңа кезеңді бастады

Ресей президенті Владимир Путин 16 октябрьде АҚШ басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескенде Украинаға қатысты жаңа талапты алға тартқаны белгілі болды, деп хабарлады Washington Post.

Басылым мәліметінше, Путин әскери қимылдарды тоқтату шарты ретінде Украинадан Донецк облысынан толық бас тартуды талап еткен. Оның орнына Ресей армиясы басып алған Запорожье мен Херсон аумақтарының кейбір бөліктерін қайтаруға дайын екенін білдірді.

Газеттің талдауында айтылғандай, бұл талаптар Кремль позициясының соңғы айларда біршама жұмсарғанын көрсетеді. Вашингтондағы дереккөздер мұны ықтимал дипломатиялық "алға жылжу" деп бағалады.

Жоғары лауазымды еуропалық дипломаттар бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тарту керектігін айтты. Олар Киев мұндай шартқа келіссе, "өз егемендігін ештеңеге сатқан болады" деп мәлімдеді.

The Wall Street Journal Трамп әкімшілігі Украинаға дипломатиялық қысымды күшейткенін атап өтті. Басылым мәліметінше, Вашингтон Ресеймен жаңа келіссөздер қарсаңында Киевті сөзсіз келісімге шақыруға тырысып жатыр. Сонымен қатар, АҚШ үкіметінің кейбір мүшелері Мәскеуге қарсы санкциялар бойынша қатаң шара қолданудан әзірге бас тартып отырғанын мойындады.

АҚШ дереккөздерінің айтуынша, бұл қысым негізінен Украина тарапына бағытталған. Бұл жағдай Владимир Зеленскийдің Вашингтонға соңғы сапары кезінде де айқын көрінді - онда Киев "Tomahawk" қанатты зымырандарын алу бойынша нақты кепілдікке ие болмады.

Путин мен Трамптың әңгімесі екі сағатқа созылғаны және оның соңында екі ел басшылары екі апта ішінде Будапештте бетпе-бет кездесуге келіскені хабарланды.

Бір күннен кейін, 17 октябрьде Трамп Ақ үйде Украина президенті Зеленскиймен жеке сөйлесті. Сұхбаттың негізгі тақырыбы Киевке қару-жарақ жеткізу мәселесі болды. Axios мәліметінше, Трамп әзірге бұл туралы шешім қабылдамаған және басты назарын дипломатиялық шешімге аударғанын айтқан. Ал Зеленский "Трамп не "иә," не "жоқ" деген жоқ" деп жауап берді.

Осылайша, екі ел басшылары арасындағы телефон арқылы сөйлесу Украина төңірегіндегі келіссөздердің жаңа бағытқа түскенін көрсетеді. Бірақ Киев үшін әзірге нақты шешім жоқ - дипломатиядағы әрбір қадам қиын сынақ болып қалуда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Путин мен Трамп диалогы Украина мәселесінде жаңа кезеңді бастады