
Оңтүстік-Шығыс Азияда бірнеше айға созылған әскери шиеленіс аяқталды. Таиланд премьер-министрі Анутин Чанвиракун мен Камбоджа үкіметінің басшысы Кхун Манет АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен бейбіт келісімге қол қойды, деп хабарлады Thmey Thmey.
Қол қою рәсімі Малайзия астанасы Куала-Лумпурде өткен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) саммиті аясында өтті. Бұл келісім аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіруді және екі көрші ел арасындағы ұзаққа созылған дау-дамайды тоқтатуды көздейді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамп бейбіт келісімді "Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тұрақтылыққа қарай үлкен қадам" деп атады. Ол сондай-ақ Камбоджада тұтқында болған 18 әскери тұтқынның босатылғанын хабарлады.
"Бейбітшіліктің тұрақты болуы үшін халықаралық бақылау маңызды. Сондықтан Малайзия мен басқа да Азия елдерінен арнайы бақылаушылар орналастырылады," - деді Трамп өз сөзінде.
Ақпарат үшін, Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекара қақтығысы 2025 жылдың май айының соңында өршіген еді. Бірнеше аптаға созылған қарулы қақтығыстарда екі ел де артиллериялық және әуе шабуылдарын қолданды, бейбіт тұрғындар арасында да құрбандар болды.
Шілде айына қарай әскери іс-қимылдардың күшеюіне байланысты халықаралық қауымдастықтың араласуына қажеттілік туындады. АҚШ, Қытай және Малайзия мемлекеттерінің делдалдығымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде тараптар алдымен бітімге, содан кейін толық бейбітшілік туралы келісімге келді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім екі елдің ғана емес, бүкіл аймақтың геосаяси тұрақтылығы үшін маңызды. Бұл келісім экономикалық ынтымақтастық пен шекара қауіпсіздігін нығайтуда жаңа кезеңді бастайды деп күтілуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!