date

Польшада Ресей пайдасына тыңшылық жасағандар ұсталды

Польшада Ресей пайдасына тыңшылық жасағандар ұсталды

Польшада тыңшылықпен байланысты тағы да жанжал шықты. Елдің Әскери қарсы барлау қызметі (SKW) мен Ішкі қауіпсіздік агенттігі (ABW) жүргізген ауқымды тексерулер нәтижесінде Украинаның екі азаматы ұсталды. Ресми мәлімет бойынша, олар шетелдік арнайы қызметтердің мүддесі үшін әрекет еткен, деп хабарлады Polskie Radio.

ABW баспасөз хатшысы Яцек Добжинскийдің айтуынша, 32 және 34 жастағы ер адам мен әйел барлау тапсырмаларын орындаған. Оларға Польшаның әскери әлеуеті туралы ақпарат жинау, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдарды жасырын бақылау үшін арнайы құрылғыларды орнату міндеті жүктелген.

Ресми ақпаратта олардың жинаған мәліметтері Польшадағы әскери база мен логистикалық жүйеге қатысты болғаны айтылады. Атап айтқанда, Украинаға әскери көмек жіберуге қатысатын көлік бағыттары мен инфрақұрылымдар туралы мәліметтер де осылардың қатарында болған.

Әзірге күдіктілердің қай елдің арнайы қызметінің пайдасына жұмыс істегені жарияланбады. Бірақ жергілікті сарапшылардың пікірінше, бұл қызмет Ресейдің барлау жүйесімен байланысты болуы мүмкін.

ABW-дің ресми мәлімдемесінде тұтқындау операциясы 14 октябрь күні Польшаның Катовице қаласында жүзеге асырылғаны айтылған. Келесі күні екі адам прокуратураға жеткізіліп, оларға ресми айып тағылды. Сот оларды үш айға қамауға алу туралы шешім шығарды.

Бұл Польшада соңғы уақытта тіркелген алғашқы жағдай емес. Бір апта бұрын премьер-министр Дональд Туск те ел аумағында диверсиялық әрекеттерді дайындады деген сегіз адамның ұсталғанын хабарлаған еді. Олардың арасында Ресей барлау қызметімен байланыста болғаны айтылған Украина азаматы Данило Х. да бар.

Туск атап өткендей, соңғы айларда Польша қауіпсіздік қызметтері Ресейдің ықпал ету аясын шектеу бойынша қатаң шаралар қабылдауда. Мұны Добжинский де растап, соңғы бірнеше айда 55 адамның Ресей пайдасына тыңшылық жасағаны үшін ұсталғанын айтты.

Польша үкіметі бұл жағдайды ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер ретінде бағалап отыр. Ел билігі НАТО және Еуропа Одағымен бірлесіп киберқорғау мен тыңшылыққа қарсы күресті одан әрі күшейту жоспарын әзірлеп жатыр.

Осылайша, Польша аумағындағы тыңшылық қызметке қарсы жүргізіліп жатқан күрес жаңа кезеңге шықты. Бұл оқиғалар Ресей мен Батыс арасындағы шиеленіскен қарым-қатынас аясында Еуропа қауіпсіздігі мәселесінің өзектілігін көрсетеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Польшада Ресей пайдасына тыңшылық жасағандар ұсталды