date

БҰҰ Сирия басшылығына санкцияларды алып тастады


Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі АҚШ ұсынған резолюцияны қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шараа мен ішкі істер министрі Анас Хаттабқа қарсы қолданылған халықаралық санкциялар алынып тасталды.

6-қарашада өткен дауыс беруде 14 мемлекет «қолдады», тек Қытай өкілі дауыс беруде бейтарап қалды. Аталған шешім Дамаск пен халықаралық қауымдастық арасында жаңа кезеңнің басталуына жол ашады.

Қабылданған резолюцияда Сирия Араб Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын толық құрметтеу қажеттігі атап өтілген. Бұған дейін аш-Шараа мен Хаттабқа қатысты шектеулер террористік ұйымдар – «Ислам мемлекеті» мен «әл-Қаидаға» байланысы бар тұлғалар мен құрылымдарға енгізілген кең ауқымды санкциялар пакеті қамтылған еді.

Ұлыбритания, Ресей Федерациясы, Франция және Пәкістан сияқты көптеген мемлекеттер өкілдері бұл шешімді Сирияны тұрақтандыру мен экономикалық қалпына келтіру жолындағы «маңызды қадам» деп бағалады. Ресми Дамаск өз алғысын білдіріп, бұл шешімді жаңа Сирия басшылығына деген «артып келе жатқан сенім» ретінде түсіндірді.

Сирия үкіметінің пікірінше, бұл ізгі қадам елдің халықаралық аренаға толық оралуына мүмкіндік ашады. Бұл шешім АҚШ пен Сирия арасындағы маңызды оқиға қарсаңында қабылданды.

10 қарашада Ахмад аш-Шарааның Вашингтонға алғашқы ресми сапары жоспарланған. Сапар барысында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу ұйымдастырылады деп күтілуде.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы Сирия мен АҚШ жетекшілігіндегі «Ислам мемлекетіне» қарсы халықаралық коалицияға қосылу туралы келісімге қол қою болуы мүмкін деген болжам бар.
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » БҰҰ Сирия басшылығына санкцияларды алып тастады