date

Қытай ғалымдарынан қартаюды тоқтату формуласы: енді 150 жасқа дейін өмір сүруге болады

Қытай ғалымдарынан қартаюды тоқтату формуласы: енді 150 жасқа дейін өмір сүруге болады

Қытайдың Шэньчжэн қаласында орналасқан Lonvi Biosciences зертханасы әлем бойынша ұзақ өмір сүру саласындағы жаңа ғылыми сынақтарды жүргізіп жатқаны туралы The New York Times хабарлады. Бұл зертхана қартаю үдерісін бәсеңдетуге және адам өмірін ұзартуға маманданған стартап ретінде таныла бастады.

Зертхана мамандары жүзім дәнінен алынған процианидин C1 (PCC1) деп аталатын зат негізінде қартаюға қарсы таблеткалар жасады. Бұл зат ағзадағы қартаюды тудыратын жасушалардың қызметін бәсеңдетіп, тышқандарға жүргізілген тәжірибелерде өмір сүру ұзақтығын 9,4 пайызға арттырды және емдеу басталғаннан кейін жалпы өмір сүруді 64,2 пайызға ұзартты.

Lonvi Biosciences компаниясының бас техникалық директоры Лю Цинхуаның айтуынша, "болашақта адамның 150 жасқа дейін өмір сүруі ғылыми тұрғыдан мүмкін, бұл енді аңыз емес, нақты болашақ." Оның пікірінше, адам ағзасындағы жасушаларды жаңарту процесін басқару арқылы ұзақ өмір сүру табиғи жағдайға айналады.

Жүзім сүйегі Батыс елдерінде де ұзақ уақыттан бері сау өнім ретінде қолданылып келеді. Оның майы косметологияда теріні жасартуға және жасушаларды қалпына келтіруге қолданылады. Алайда, Қытайда мұндай бағыттағы бизнес бұрын алаяқтық ретінде қабылданса, қазір жағдай күрт өзгерді - мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялар бұл саланы ғылыми негізделген, тіпті пайдалы экономикалық бағытқа айналдырды.

NYT дереккөзінің айтуынша, Қытай үкіметі соңғы жылдары ұзақ өмір сүру технологияларына көп көңіл бөле бастады. Ғылыми институттар мен жеке компаниялар бұл салада биотехнология, гендік терапия және жасуша регенерациясы бойынша ірі зерттеулерге инвестиция салуда.

2024 жылы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 79 жасқа жетті, бұл әлемдік көрсеткіштен шамамен бес жылға артық. Бұл нәтиже Қытайды ұзақ өмір сүру стратегиясын жүзеге асыратын жетекші елдердің қатарына қосты.

Ең қызығы, үстіміздегі жылдың 3 сентябрінде Пекиндегі әскери парадтың алдында эфирде Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путиннің қысқа сұхбаты кездейсоқ көрсетілген. Олар адамның 150 жыл өмір сүру ықтималдығы, сондай-ақ болашақта дененің кейбір мүшелерін ауыстыру арқылы ұзақ өмір сүру мүмкіндігі туралы пікір алмасты.

Бұл оқиға Қытайда ұзақ өмір тұжырымдамасының тек ғылыми немесе фармакологиялық бағыттан гөрі саяси және стратегиялық маңызы бар бағытқа айналып бара жатқанын көрсетті.

Осылайша, Шэньчжэндегі Lonvi Biosciences қызметі тек жаңа ғылыми қадам ғана емес, сонымен қатар бүкіл адамзат үшін жаңа үміт. Ғылыми топ жариялаған нәтижелер расталса, қартаюға қарсы таблеткалар бірнеше жыл ішінде әлем дәріханаларына шығуы мүмкін.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Қытай ғалымдарынан қартаюды тоқтату формуласы: енді 150 жасқа дейін өмір сүруге болады