date

Трамп: әр америкалық 2000 доллар "дивиденд" алады

Трамп: әр америкалық 2000 доллар "дивиденд" алады

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі кедендік төлемдерден түсетін орасан табысты халықпен бөлісуге ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, әр америкалық азаматқа кем дегенде 2000 доллар көлемінде "дивиденд" төленуі мүмкін. Бұл туралы Ақ үй басшысы 9 ноябрьде Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.

"Баж салығына қарсы адамдар - ақымақтар. Қазір АҚШ әлемдегі ең бай, ең беделді және тұрақты мемлекетке айналды. Бізде инфляция жоқтың қасы, ал қор нарығы рекордтық деңгейде өсіп келеді," - деп атап өтті Трамп.

Оның айтуынша, АҚШ қазір баж салығы арқылы триллиондаған доллар табыс тауып отыр және бұл қаражат есебінен елдің 37 триллион доллар мемлекеттік қарызын қысқарту жоспарлануда. "Бізде өнеркәсіп қалпына келтірілуде, зауыттар мен фабрикалар қайта құрылуда. Сондықтан әрбір азаматқа - жоғары табыстылардан басқа - кем дегенде 2000 доллар төленеді," - деді Трамп.

Алайда, Германияның Dpa агенттігінің жазуынша, президент бұл идеяны бұрын да бірнеше рет айтқан болса да, әлі күнге дейін қолданыстағы механизм немесе заңнамалық бастама әзірленбеген. Сарапшылар бұл мәлімдемені электоралдық ықпалға бағытталған саяси қадам ретінде бағалап отыр.

Сонымен қатар, Трамп партиясының ішінде де кейбір наразылықтар байқалады. Жақында Захран Мамдани Нью-Йорк мэрі болып сайланғаннан кейін және демократтардың елдегі бірқатар жеңістерінен кейін кейбір республикашыл белсенділер "президент өз сайлаушыларына - инфляция мен жалдау ақысынан зардап шегетін топқа - жеткілікті көңіл бөлмей жатыр" деген пікірді алға тартты.

Трамп өз жазбасында "нөлге жуық инфляция" туралы айтқанымен, ресми мәліметтерге сәйкес, бұл көрсеткіш қазір шамамен 3 пайызды құрап тұр. Сонымен қатар, Нью-Йорк, Лос-Анджелес және басқа да ірі қалаларда тұрғын үйді жалға алу бағасы әлі де жоғары деңгейде.

Қаржы нарықтарында да түрлі алаңдаушылықтар бар. Әсіресе жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін ірі компаниялардың акцияларына қатысты "инвестициялық көпіршік" қаупі туралы ескертулер көбейген. Dpa агенттігі атап өткендей, бұл АҚШ-тағы зейнетақы қорларына үлкен қауіп төндіруі мүмкін, өйткені халықтың көп бөлігі осындай акциялар арқылы өз болашағын қамтамасыз етіп келеді.

Трамп өзінің саяси науқанында елдің экономикалық қуатын одан әрі нығайту және "америкалық жұмысшы табының мүддесін бірінші орынға қою" ұранына адал екенін айтады. Оның айтуынша, "бұл төлемдер қарапайым адамдар үшін нағыз сыйақы болады."

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Код анық көрінбесе, оны жаңарту үшін суретті басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Трамп: әр америкалық 2000 доллар "дивиденд" алады