date

Маршалл аралдары әлемде алғашқы шартсыз табыс енгізді

Маршалл аралдары әлемде алғашқы рет шартсыз кірісті енгізді

Маршалл аралдары тарихта алғаш рет базалық шартсыз кірісті жалпыұлттық деңгейде енгізген мемлекет ретінде тіркелді. The Guardian басылымының хабарлауынша, енді архипелагтың барлық азаматтары әр тоқсанда 200 АҚШ доллары көлемінде ақшалай төлем алады. Бұл жылдық есеппен алғанда 800 АҚШ долларын құрайды және бұл халықтың ең кең топтарын қолдауға бағытталған.

Бағдарламаның назар аударарлық ерекшелігі — азаматтарға төлемдерді алу формаларын өздері таңдау мүмкіндігі беріледі. Олар қаражатты банк шотына аудару, қағаз чектер арқылы алу немесе криптовалюта түрінде иелене алады. Жергілікті биліктің мәліметінше, алғашқы төлемдер азаматтарға жеткізіле бастады.

Статистикаға сүйенсек, төлемдердің шамамен 60 пайызы тікелей банк шоттарына аударылған. Қалғаны чектер түрінде халыққа таратылған. Ал криптовалюта арқылы қаражат алу нұсқасын әліге дейін өте аз адам, нақтырақ айтқанда, барлығы 12 азамат таңдаған.

Маршалл аралдарының қаржы министрі Дэвид Полдың айтуынша, бұл бағдарлама азаматтарды жұмыс істеуден бас тартуға ынталандыру үшін емес, әлеуметтік тұрақтылық пен рухани қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылып отыр. «Жылына 800 доллар адамды бай қылмаса да, ешкімнің назардан тыс қалмағанын сезіндіреді», — деді ол.

Базалық шартсыз кіріс бағдарламасы АҚШ-пен жасалған арнайы келісім аясында құрылған қор есебінен қаржыландырылуда. Аталған келісім Маршалл аралдарында өткен ғасырда өткізілген ядролық сынақтар үшін өтемақы төлеуді де қамтиды. Қазіргі уақытта қор 1,3 миллиард АҚШ долларынан астам активтерді басқарады, ал қосымша 500 миллион АҚШ долларын 2027 жылға дейін бөлу жоспарланған.

Мәлімет үшін, Маршалл аралдары Тынық мұхитында орналасқан архипелаг болып, құрамына 29 маржан аралы, бес үлкен және мыңнан астам кішігірім аралдар кіреді. Елдің халқы шамамен 40 мың адамды құрайды, олардың жартысы астана Маджуро қаласында тұрады.

Бұған дейін АҚШ, Канада, Финляндия, Швейцария, Италия және Үндістан сияқты елдерде базалық шартсыз кіріс бойынша пилоттық жобалар жүргізілген болатын. Дегенмен бұл жобалар тек жекелеген қалалар мен шағын аймақтармен шектелген. Ал Маршалл аралдары бұл идеяны бүкіл ел деңгейінде жүзеге асырған алғашқы мемлекет ретінде әлем назарын өзіне аударып отыр.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Маршалл аралдары әлемде алғашқы шартсыз табыс енгізді