Майя Санду: референдум болса, Румыниямен бірігуді таңдар едім

Молдова президенті Майя Санду референдум өткізілсе, өз елінің Румыниямен бірігуі үшін дауыс беруге дайын екенін айтты. Румыния — НАТО мен Еуропалық одақтың мүшесі, ал Санду бұл жолды Молдованы сыртқы қысымнан қорғаудың ықтимал кепілі ретінде көреді. Ол бұл туралы Ұлыбританиядағы The Rest Is Politics подкастына берген сұхбатында айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Молдова сияқты шағын ел үшін демократия мен егемендікті сақтап қалу барған сайын қиындап барады. Санду бұған дейін де Мәскеудің елдің ішкі саясатына араласу әрекеттері бар екенін бірнеше рет мәлімдеген және бұл алаңдаушылығын тағы да қайталады.
Сонымен қатар нақты қоғамдық көңіл-күй де бар. Reuters дерегінше, халқы шамамен 2,4 млн болатын Молдованың 1,5 млн-ға жуығы Румыния азаматтығына ие. Алайда сауалнамаларда бірігу идеясын ел халқының тек шамамен үштен бірі ғана қолдайтыны көрсетілген.
Санду мұны жасырмады: ол әзірге қоғамда бұл бастаманы толық қолдайтын көпшілік жоқ екенін түсінетінін айтты. Сондықтан оның пікірінше, Еуропалық одаққа қосылу — анағұрлым «реалистік» сценарий. Молдова үкіметі елді 2030 жылға дейін ЕО-ға енгізу мақсатын алға қойған, бірақ бұл жолда Кишинёвті ауыр реформалар мен саяси қарсылықтар күтіп тұр.
Қысқасы, Сандудың сөзі «ертең бірігеміз» дегенді білдірмейді, керісінше Молдованың қауіпсіздік пен болашаққа қатысты таңдаулары қаншалықты шиеленіскенін көрсетеді. Саясатта солай: кейде бір ауыз сөз тұтас өңірді «оятуы» мүмкін.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!