Таиландта Бангкок маңындағы жолда кран құлап, 2 адам қаза тапты

Таиландта салынып жатқан аспалы автомагистральда орын алған кезекті қайғылы оқиға екі адамның өмірін қиды. Жергілікті полицияның мәліметіне сәйкес, 15 қаңтар күні астана Бангкокқа жақын орналасқан Самут Сакхон провинциясында құрылыс алаңында жұмыс істеп тұрған кран жолдың үстіне құлаған.
Соның салдарынан жол бойымен қозғалып келе жатқан екі көлік құрылыс құрылымының астында жаншылып қалған. Оқиға нәтижесінде екі адам қаза тауып, тағы бес адам әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Аталған жағдай Таиландта құрылыс қауіпсіздігі мәселесін тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Өйткені бұл — қатарынан екі күн ішінде орын алған екінші ірі қайғылы оқиға: 14 қаңтар күні елдің Накхон Ратчасима провинциясында жоғары жылдамдықты теміржол жобасына тиесілі кран жолаушылар пойызының үстіне құлап, соның салдарынан пойыз апаты болып, ондаған адам қаза тапқаны хабарланған еді.
Әр екі оқиға бойынша да тексеру жұмыстары басталғаны айтылуда.