Қазақстанда жасанды интеллект имам іске қосылады

Қазақстанда діни-ағартушылық салада жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін “Imam AI” мобильді қосымшасын әзірлеуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Orda.kz басылымы хабарлады.
Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының сөзінше, аталған қосымшаны іске қосу 2026 жылға жоспарланған. “Imam AI” сенімді діни дереккөздерге сүйене отырып, пайдаланушылардың сұрақтарына жедел және нақты жауап береді деп күтілуде.
Мәлімдемеде заманауи талаптарды ескере отырып, діни салада да жасанды интеллект мүмкіндіктерін жүйелі түрде енгізу қажет екені атап өтілді. Жоба азаматтардың діни сұрақтарына оңай әрі сенімді жауап алуына қызмет етумен бірге, имамдар мен дін қызметкерлерінің мойнындағы жүктемені азайтуы да көзделген.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамыту жылы деп жариялаған еді. Президент атап өткендей, озық технологияларды енгізу елдің барлық саладағы әлеуетін арттыруға қызмет етеді.
Бұған дейін Өзбекстан мұсылмандары басқармасы жасанды интеллекттен діни сұрақ сұрау дұрыс емес екенін мәлімдеген еді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!