Уикипедия AI алпауыттарына деректерді ресми түрде сататынын мәлімдеді

Уикипедияны басқаратын Wikimedia қоры жасанды интеллект нарығындағы ірі ойыншылармен жаңа келісімдер жасалғанын мәлімдеді. Тізімде Amazon, Meta, Microsoft, Perplexity және Mistral AI сияқты компаниялар бар. Яғни енді «Уикипедиядан алынатын білім» жай ғана әдет емес — ресми ақылы серіктестікке айналып отыр.
Жаңа келісімдерге сәйкес, бұл компаниялар Wikimedia Enterprise қызметі арқылы Уикипедия деректеріне қол жеткізу үшін заңды түрде ақы төлейді. Бұл интернетте жиі кездесетін «рұқсатсыз скрейпингті», яғни сайттан деректерді жасырын түрде жаппай жинап алуды алмастыруы тиіс. Қордың айтуынша, енді контентті «ашық әрі заңды шарттармен» пайдалану тетігі қалыптасып келеді.
Қызығы, бұл мәмілелер бір жыл мерзімге жасалғанымен, бұған дейін мұндай серіктестіктер жұртшылыққа ашық жарияланбаған. Енді жаңа «серіктестер» бұрыннан Wikimedia Enterprise-пен жұмыс істеп келе жатқан Google, Ecosia және басқа компаниялар қатарына қосылды.
Wikimedia қорының айтуынша, Уикипедия қазіргі заманғы технологиялардың дамуына өте үлкен үлес қосады. Энциклопедиядағы деректерді чат-боттар, іздеу жүйелері, дауыстық көмекшілер және жалпы жасанды интеллектке сүйенетін түрлі сервистер кеңінен пайдаланады. Сондықтан қордың ұстанымы қарапайым: дерек бәрібір қолданылады — онда неге оны «дұрыс, әділ және ашық» жолмен қолданбасқа?
Қысқасы, Уикипедия «бәріне ашық» идеясын сақтай отырып, оның деректерін ауқымды түрде пайдаланатын AI компанияларына: «жарайды, қолдан — бірақ ресми түрде және ақысын төлеп» деп отыр. Бұл болашақта контент, лицензия және деректерге қатысты цифрлық нарық ережелері одан әрі қатаңдайтынын аңғартады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!