date

Баланың үстіне қайнаған кофе құйып жіберген ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Баланың үстіне қайнаған кофе құйып жіберген ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

2024 жылы Аустралияның Брисбен қаласында болған сұмдық оқиға қайтадан күн тәртібіне шықты. BBC хабарлауынша, тоғыз айлық сәбиге қайнаған кофе септі деп күдіктеліп отырған адамды іздеу және істі жеделдету мақсатында Қытай Аустралияға арнайы “жұмыс тобын” жіберетінін мәлімдеді.

Мәліметтерге қарағанда, сәби отбасы мүшелерімен бірге саябақта демалып отырған кезде шабуылға ұшыраған. Соның салдарынан баланың беті, қол-аяғы ауыр күйік жарақаттарын алған. Күдіктінің 33 жастағы ер адам екені айтылады. Полиция оның жеке басын анықтап үлгерген, алайда ол елден шығып кетіп қалған.

Қазір күдіктінің Қытай аумағында екені көрсетілуде. Бірақ Аустралияның Қытаймен экстрадиция (тапсыру) жөнінде келісімі жоқ. Сондықтан Қытайдың Аустралиядағы елшісі Сяо Цян 29 қаңтар күні жұмыс тобы Брисбенге барып, тергеуге көмектесетінін мәлімдеді.

“Біз бұл мәселеге байыппен қараймыз және қажетті шараларды қабылдауға бел будық”, — деген Сяо Цян. Оның айтуынша, топ Аустралияның ресми органдарымен бірге оқиғаның қалай және не себептен болғанын айқындау, кейінгі ынтымақтастық қадамдарын талқылаумен айналысады.

Квинсленд полициясы мен Аустралия Федерал полициясының бірлескен мәлімдемесінде Қытай өз азаматтарын елден тыс жерде жасалған әрекеттері үшін де қылмыстық жауапкершілікке тарту юрисдикциясына ие екені атап өтілген.

Іздеуде жүрген адамға қатысты ауыр дене жарақатын келтіру ниетімен әрекет етуге оқталу бабы бойынша қамауға алу ордері берілген. Аустралияда бұл айып өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін алып баруы мүмкін.

Полиция күдіктіні “тұрақты тұратын жері жоқ жұмысшы” ретінде сипаттаған. Ол 2019–2024 жылдар аралығында Аустралияға бірнеше рет келген, Виктория және Жаңа Оңтүстік Уэльс штаттарында да болған.

Оқиғаның өзі және сәбидің ауыр күйік жарақаттары бүкіл Аустралия бойынша қатты наразылық туғызған. Болжамдарға сәйкес, ер адам отбасы пикник жасап отырған кезде термостағы қайнаған кофені балаға сепкен. Шабуылдан кейін сәби бірнеше рет тері көшіру операцияларына мұқтаж болған.

Үш ай өткен соң ата-анасы баланың жағдайы туралы мәлімет берген: иек және иық бөлігінде тыртықтар қалған, алайда қалған үдерістер “жақсы жүріп жатқанын” айтқан. Сондай-ақ сәбиді емдеу үшін ашылған онлайн қайырымдылық арқылы 230 мың доллардан астам қаражат жиналғаны хабарланған.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Баланың үстіне қайнаған кофе құйып жіберген ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды