date

Италияда науқастың 11 сау тісін алып тастаған тіс дәрігері қамауға алынды

Италияда науқастың 11 сау тісін алып тастаған тіс дәрігері қамауға алынды

Италияның Генуя қаласындағы стоматологтар науқастың 11 тісін артық, қажетсіз және қате түрде жұлып тастағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы “Corriere della Sera” басылымы хабарлады. Оқиға әлеуметтік желілерде де талқыланып, арзан қызмет іздеудің кейде қандай ауыр салдарға әкелетінін тағы бір рет еске салды.

Дереккөзге сүйенсек, 55 жастағы әйел интернет арқылы арзан бағамен қызмет көрсететін дәрігерлерді тауып, стоматологиялық ем қабылдауға шешім қабылдаған. Кеңес беру барысында мамандар науқасты жұмыстың көп бөлігін бір күнде жасауға болатынына сендіріп, арнайы протездерді көрсеткен, алайда ең маңызды кезең — рентген тексерісі жүргізілмеген. Тіпті дәрігерлердің бірі процедура жасалмаса, барлық тістерінен айырылуы мүмкін екенін айтып, әйелді одан сайын қорқытқан.

Нәтижесінде бар болғаны төрт сағат ішінде әйелдің 11 сау тісі жұлынып тасталған. Үшінші күні оған протездер орнатылған, бірақ олар бұрын уәде етілгеннен өзгеше болып шыққан және кейін бұл протездердің уақытша екені белгілі болған.

Зардап шеккен әйел операциядан кейін күрделі қиындықтарға тап болған: сөйлей алмаған, дұрыс тамақтана алмаған, соның салдарынан өмір сапасы нашарлаған. Бұл оның жеке өміріне де әсер еткен: тіс мәселелері мен ауыр салдарлардан ұялып, сүйіктісімен айырылысқан. Кейін басқа стоматолог оған хирургиялық операция жасағанымен, әйел әлі күнге дейін тамақты дұрыс шайнай алмайды.

Сот шешіміне сәйкес, 11 тісті қате жұлып тастаған стоматологтардың біріне үш ай, екіншісіне бір жыл бес ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, зардап шеккен әйелге 14 300 еуро көлемінде өтемақы төленді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Әлем » Италияда науқастың 11 сау тісін алып тастаған тіс дәрігері қамауға алынды