Дональд Трамп Ормуз бұғазы бойынша Иранды қатаң ескертті

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты жаңа саяси мәлімдеме жасады. Ол Тегеранды Ормуз бұғазы арқылы өтетін мұнай танкерлерінен ақы алу әрекеттерін тоқтатуға шақырды және мұндай қадамдар жаһандық энергетика нарығы үшін қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Truth Social платформасында жариялаған мәлімдемесінде Трамп Иранның танкерлерден ақы алып жатқаны туралы ақпарат өзіне жеткенін айтты. Ол бұл тәжірибені дереу тоқтату керектігін қатаң ескертіп, егер бұл ақпарат расталса, жағдайдың күрт шиеленісуі мүмкін екенін жеткізді.
Сондай-ақ АҚШ президенті екінші жазбасында Иранның Ормуз бұғазы арқылы мұнай ағымы мәселесіндегі саясатын сынға алды. Ол мұны “өте нашар басқару” деп атап, кейбір жағдайларда оны әділетсіздік ретінде бағалауға болатынын қосты. Трамптың айтуынша, бұл АҚШ пен Иран арасында бұрын келісілген ережелерге сәйкес келмейді.
Ақ үй басшысы сонымен қатар Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермейтінін тағы да қатаң түрде мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеранның “әрекеттеріне байланысты” мұндай мүмкіндік ешқашан болмайды. Сонымен бірге ол жақын уақытта мұнай ағыны қайта қалпына келетініне үміт білдіріп, бұл процесс Иранның қатысуымен немесе қатысуынсыз жүзеге асатынын айтты.
Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы ұзаққа созылған шиеленістерден кейін екі апталық уақытша атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгені хабарланған. Бұл аймақтағы жағдайды біршама жұмсартқан.
Алайда Тегеран билігі Ормуз бұғазын қайта ашуға дайын екенін айтқанымен, оны бақылауда ұстау және одан өтетін кемелерден ақы алу ниетін де білдірген. Бұл халықаралық деңгейде жаңа пікірталастар туғызуда.
Kpler талдау компаниясының мәліметінше, атысты тоқтату жарияланғаннан кейін бұғаз арқылы тек бірнеше кеме өткен, олардың арасында Иран туы астындағы екі танкер де бар.
Мамандардың айтуынша, Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалының ең маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан бұл аймақтағы кез келген саяси немесе әскери шиеленіс жаһандық энергетика нарығына тікелей әсер етеді. Бұрынғы шиеленістер мұнай бағасының күрт өсуіне әкелгені де соны дәлелдейді.
Сарапшылар Трамптың соңғы мәлімдемелерін Иранға қысымды күшейтудің келесі кезеңі ретінде бағалап отыр. Жағдайды халықаралық қоғамдастық мұқият бақылап отыр.