Орманға тасталған екі жасар бала ғажайып түрде аман қалды

Фото: Yandex
Үндістанның Мадхья-Прадеш штатында жүректі ауыртарлық оқиға орын алды. Әкесі орманға тастап кеткен 2 жасар бала барлық қауіп-қатерге қарамастан аман қалды. Бұл туралы The Times of India хабарлады.
Мәліметтерге сәйкес, бала жабайы аңдар мекендейтін аймақта шамамен 20 сағат бойы жалғыз қалған. Ол жалаңаяқ, аш және шөлдегеніне қарамастан, инстинкті түрде қозғалып, өмір үшін күрескен.
Оқиға баланың анасы өлтірілгеннен кейін болған. Ер адам баласын мотоциклмен елді мекеннен шалғай орманға апарып, тастап кеткені айтылуда.
Бастапқыда әкесі құқық қорғау органдарын адастырып, баланың қайда екенін жасыруға тырысқан. Сол себепті іздестіру жұмыстары кеш басталды. Кейіннен полиция, құтқарушылар мен жергілікті тұрғындар тартылған ауқымды іздеу операциясы жүргізілді. Орман, егістік алқаптары мен су көздері кезең-кезеңімен тексерілді.

Бір тәулікке жуық уақыт өткенде құтқарушылар орман ішінен әлсіз дауысты естіп, баланы тапты. Ол қатты әлсірегенімен, тірі қалуы баршаны таңғалдырды.
Мамандар бұл жағдайды нағыз ғажайып деп бағалауда. Өйткені мұндай жастағы баланың ауыр жағдайда ұзақ уақыт аман қалуы өте сирек кездесетін құбылыс.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Баланың әкесіне қатысты ауыр қылмыс бойынша айып тағылуы күтілуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!