Конгодағы Эбола вирусына байланысты жағдай қайтадан ушықты

Конгода Эбола вирусына байланысты жағдай қайтадан күрделенді. Африкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығы Конгоның Итури провинциясында індеттің өршігенін растады.
Мәліметтерге сәйкес, аймақта 246 ауру жағдайы тіркелген. Осы уақытқа дейін 65 адам қайтыс болды, олардың төртеуіне Эбола диагнозы ресми түрде қойылған.
Эбола адам ағзасында ішкі және сыртқы қан кетулерге себеп болуы, иммундық жүйе мен ішкі мүшелерге ауыр зақым келтіруі мүмкін. Шұғыл медициналық көмек көрсетілмесе, ауру өлім қаупін күрт арттырады.
Мамандар Эбола вирусынан болатын өлім деңгейі кейбір жағдайларда 30 пайыздан 90 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтуде. Естеріңізге сала кетейік, Конгода өткен жылдың қыркүйегінде де 16-шы індет тіркеліп, ол 15 адамның өліміне себеп болған еді.




















Пікірлер 0
…