Бұрынғы ЦРУ қызметкерінің үйінен 303 алтын құйма табылды

АҚШ-та Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы қызметкері Дэвид Рашқа қатысты ірі іс әшкере болды. The Washington Post хабарлауынша, оның Вирджиниядағы үйінен құны 40 миллион доллар болатын 303 алтын құймасы табылды.
Тінту кезінде ФБР агенттері шамамен 2 миллион доллар қолма-қол ақша мен 35 люкс санаттағы сағатты да анықтады. Прокуратура мәліметінше, Раш алтын мен шетел валютасын «қызметтік шығындар» үшін қажет деп талап еткен.
Тергеу мәліметі бойынша, ол 2025 жылдың қарашасынан 2026 жылдың наурызына дейін жұмыс берушісінен бірнеше рет ірі көлемде шетел валютасы мен алтын құймаларын сұратқан. Сонымен қатар, Раш жылдар бойы өзінің білімі мен әскери қызметі туралы жалған ақпарат бергені айтылуда.
Қазіргі уақытта Дэвид Раш АҚШ Маршалдар қызметінің тергеу изоляторында қамауда отыр. Оның қамауға алынуы бойынша сот отырысы 5 маусымға белгіленді.












Пікірлер 0
…