Венесуэлада жер сілкінісінен кейін аспан неге қан түстес болды?

Венесуэлада болған күшті жер сілкінісінен кейін аспанның қан-қызыл түске боялуы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Көпшілік бұл құбылысты жаңа табиғи апаттардың белгісі деп бағалағанымен, мамандар оның ғылыми түсіндірмесін ұсынды.
VTV мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, аспанның қызғылт түске боялуы геологиялық үдерістерден емес, атмосферада жиналған шаң мен ұсақ бөлшектердің күн сәулесін шашыратуынан пайда болған.
Мамандардың түсіндіруінше, бұл құбылыс «Рэлей шашырауы» деп аталады. Атмосферадағы шаң мөлшері күрт артқанда, әсіресе жер сілкінісі, қатты жел немесе шаңды ауа райы кезінде бұл оптикалық әсер айқынырақ байқалады.

Телеарна атап өткендей, мұндай көріністерді кей жағдайда адамдар жаңа жер сілкіністерінің немесе басқа табиғи апаттардың хабаршысы деп қате түсіндіреді. Алайда ғалымдар бұл қарапайым атмосфералық құбылыс екенін және алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті.
Сонымен қатар мамандар «жер сілкінісі шамдары» деп аталатын тағы бір сирек табиғи құбылысты еске салды. Бұл құбылыс жер қыртысындағы кварцқа бай жыныстар күшті қысым мен үйкелістің әсерінен ыдырағанда пайда болады. Нәтижесінде электр зарядтары түзіліп, аспанда қысқа мерзімді жарық жарқылдары байқалуы мүмкін.

Ғалымдардың айтуынша, аспан түсінің мұндай өзгерістері әрдайым жаңа апаттардың белгісі бола бермейді. Көп жағдайда олар атмосферадағы табиғи физикалық үдерістермен түсіндіріледі.



















Пікірлер 0
…