James Webb телескопы Messier 77 галактикасының ядросын жоғары ажыратымдылықта суретке түсірді

2021 жылы ғарышқа ұшырылған James Webb ғарыштық телескопы Messier 77 спиральді галактикасының жаңа әрі егжей-тегжейлі суретін ұсынды. Жерден шамамен 45 миллион жарық жылы қашықтықта, Кит шоқжұлдызында орналасқан бұл галактика өзінің өте жарқын және белсенді ядросымен ерекшеленеді. Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды .
Галактиканың орталығында массасы Күннен 8 миллион есе үлкен аса массивті қара құрдым бар. Оның айналасындағы заттар тартылыс күшінің әсерінен орталыққа қарай ұмтылып, қызған аккрециялық дискіні құрайды. Дәл осы процестің нәтижесінде бөлініп шығатын қуатты инфрақызыл сәулелену телескоптың MIRI аспабының көмегімен тіркелді.
James Webb телескопының жоғары сезімталдығы галактикаларды қоршап тұрған шаң бұлттарын «тесіп өтуге» және ядро құрылымын бұрын-соңды болмаған дәлдікпен бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер ғалымдарға қара құрдымдардың өсу механизмдерін және олардың галактика эволюциясына әсерін тереңірек түсінуге көмектеседі.
NASA бұл телескопты ғаламның алғашқы кезеңдерін, жұлдыздардың қалыптасуын және қара құрдымдардың табиғатын зерттеуде негізгі құрал ретінде қолдануда. Messier 77 галактикасының жаңа суреттері заманауи инфрақызыл астрономия мүмкіндіктерінің қаншалықты кеңейгенін айқын көрсетеді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!