date

Өзбекстанда кәсіптік білім беруді басқаруда жаңа жүйе енгізілді

Өзбекстанда кәсіптік білім беруді басқаруда жаңа жүйе енгізілді

Өзбекстанда кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі реформалау және оны заман талабына сай дамыту бойынша маңызды қадам жасалды. Президенттің "Кәсіптік білім беру жүйесінде басқару тиімділігін арттыру шаралары туралы" жарлығына сәйкес, Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі жанынан Кәсіптік білім беру агенттігі құрылды. Бұл жаңа құрылым елдегі техникумдардың қызметін бірыңғай басқару жүйесіне шоғырландыруды және білікті кадрларды даярлауда жүйелі тәсілді жолға қоюды мақсат еткен.

Агенттіктің негізгі міндеттері қатарында төмендегілер белгіленді:

- техникумдардың жұмысын үйлестіру және оқу үдерістерін басқару;

- кәсіптік білім беру бағдарламаларының мазмұнын, біліктілік деңгейлерін және оқыту мерзімдерін белгілеу;

- бітірушілердің білімін бағалау өлшемдерін жаңарту және оқу-әдістемелік қамтамасыз етуге бірыңғай талаптарды енгізу.

Сондай-ақ Агенттік Кедейшілікті азайту және Жұмыспен қамту министрлігімен бірлесіп, "ваучер" жүйесінде қамтылмаған азаматтарды кәсіпке оқыту міндетін де атқарады. Осы арқылы еңбек нарығында жетіспейтін мамандарды даярлау қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, Көші-қон агенттігімен бірлесіп, шетелдік жұмыс берушілердің қажеттілігін ескере отырып, азаматтарды заманауи мамандықтар мен шет тілдеріне оқыту бағдарламалары іске қосылады.

Жарлыққа сәйкес, 2027 жылдың 1 январынан бастап экономиканың барлық салаларында жұмысқа қабылдау кезінде Ұлттық біліктілік шеңберіне сәйкес диплом немесе сертификат талап етіледі. Бұл еңбек нарығында нақты құзыреттіліктері бар кадрлардың үлесін арттыруға қызмет етеді.

Сондай-ақ, мемлекеттік кәсіптік білім беру мекемелеріне оқу бағасын нарық жағдайына сай белгілеу және тәжірибелі мамандарды келісімшарт негізінде тікелей жұмысқа тарту мүмкіндігі жасалады.

Жаңа жүйенің маңызды аспектілерінің бірі - аумақтық кәсіпкерлер кеңестерін құру. Олар бизнес, мемлекет және білім беру салалары арасындағы ынтымақтастықты нығайтады, жергілікті қажеттіліктерге сәйкес кәсіби бағдарламаларды әзірлеуге көмектеседі.

Мамандардың айтуынша, бұл реформалар нәтижесінде кәсіптік білім беру жүйесінде тұрақты басқару, бірыңғай стандарттар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне толық сәйкес келетін кадрлар даярлау жүйесі жолға қойылады. Бұл халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруда және елдің экономикалық өсуін қамтамасыз етуде маңызды фактор болады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Өзбекстанда кәсіптік білім беруді басқаруда жаңа жүйе енгізілді