«Russia Today» мемлекеттік медиа тобына қарасты «Sputnik Әзірбайжан» агенттігінің атқарушы директоры Игорь Картавих қамаудан үйқамаққа ауыстырылды. Бұл туралы «Коммерсант» газеті Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Мәлімет бойынша, 1 шілдеде Бакуде ұсталған Картавихті босату туралы шешім 9 қазанда Душанбеде өткен Владимир Путин мен Ильхам Әлиевтің кездесуінің қарсаңында қабылданған. Ушаковтың айтуынша, бұл мәселе әзірбайжандық әріптесі Хикмет Гаджиевпен тікелей талқыланған.
«Россия сегодня» медиа тобының басшысы Дмитрий Киселёвтың сөзінше, Картавих енді Бакуде үйқамақта болады. Ресей СІМ өкілдері онымен кездесіп үлгерген, деп хабарлады министрлік өкілі Мария Захарова.
Сонымен қатар, «Sputnik Әзірбайжан» бас редакторы Евгений Белоусов әлі де тергеу изоляторында отыр.
Картавихтің босатылуынан кейін көп ұзамай тағы бір даулы іс белгілі болды: Мәскеу Сатира театрының бұрынғы директоры Мамедали Агаев та қамаудан үйқамаққа ауыстырылды. Ол тамыз айында 20 миллион рубльді жымқырды деген күдікпен ұсталған еді.
РБК дерегінше, 9 қазанда Мәскеудегі Таган аудандық соты Агаев ісін қарап, оны үйқамақта қалдыру туралы шешім қабылдаған.
Бақылаушылардың пікірінше, Картавихтің босатылуы Мәскеу мен Баку арасындағы келіссөздер аясында маңызды дипломатиялық қадам болуы мүмкін. Бұл оқиға екі ел арасындағы қатынастардың жаңа жылы кезеңіне жол ашып отыр.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!