date

Трамп Нетаньяхуды қорғады: “Кешіріңіз оны, мырза президент!”

Трамп Нетаньяхуды қорғады: “Кешіріңіз оны, мырза президент!”

АҚШ президенті Дональд Трамп сыбайлас жемқорлық және қызметін асыра пайдалану айыптарымен сотталып жатқан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды кешіруге шақырды. Бұл туралы ол дүйсенбі күні Израиль парламенті — Кнессетте сөйлеген сөзінде айтты.

Израиль заңдарына сәйкес, егер сот Нетаньяхуды кінәлі деп тапса, оны кешіру құқығы тек президент Ицхак Герцогқа тиесілі.

«Менің ойымша, мырза президент, неге оны кешірмеске?! Кешіріңіз оны. Бұл әділ шешім болар еді. Соғыс кезінде ол нағыз лидер ретінде әрекет етті. Сигара мен шампан — кімді қызықтырады ондай ұсақ-түйектер?!» — деді Трамп.

Трамптың бұл мәлімдемесі Израильде де, халықаралық деңгейде де үлкен пікірталас тудырды. Себебі Нетаньяху — парақорлық, алаяқтық және билікті теріс пайдалану бойынша айып тағылған қызметтегі алғашқы премьер-министр.

Оған қарсы іс 2019 жылы қозғалған. Тергеу материалдарына сәйкес, Нетаньяху миллиардер және продюсер Арнон Мильчандан коммерциялық қолдау көрсету есесіне қымбат сыйлықтар алған. Сонымен қатар, Bezeq телекоммуникация компаниясына қарасты Walla жаңалықтар сайтында өзіне және жұбайына оң материалдар жариялау үшін 475 мың еуро көлемінде реттеу жеңілдіктерін бергені айтылған.

Прокурорлардың айтуынша, ол осындай келісімді Yedioth Ahronoth газетімен де жасаған.

Премьер-министр барлық айыптауларды жоққа шығарып, мұны «саяси қысым мен қастандық» деп атады. Сот процесі әлі жалғасуда, бірақ Нетаньяху мемлекеттік істерді сылтау етіп, бірнеше рет сот отырыстарын кейінге қалдырған.

Бұдан бөлек, Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) та Нетаньяхуға қарсы ауыр қылмыстар бойынша тергеу жүргізіп жатыр. 2024 жылдың 21 қарашасында ХҚС Газа секторында соғыс және адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген айыппен Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантқа ордер берген.

Айыптау бойынша, Израиль билігі Газа тұрғындарын әдейі су, дәрі-дәрмек, азық-түлік және электр энергиясынан айырған.

Осы ордерге қарамастан, Нетаньяху 2025 жылдың сәуірінде Венгрияға сапар жасап, бұл халықаралық құқықты бұзу деп бағаланған.

Дональд Трамп ұзақ жылдар бойы Израильдің ең белсенді қорғаушысы болып келеді. Оның әкімшілігі Тель-Авивті Газа секторындағы әскери операциялар мен Иранға қарсы саяси қысымдарда ашық қолдаған.

Тіпті, Халықаралық қылмыстық сот Нетаньяхуға қатысты іс қозғағаннан кейін, Трамп әкімшілігі сотқа қарсы санкциялар енгізген болатын. Бұл қадам әлемде «АҚШ-тың адам құқықтарына қарсы әрекеті» деп бағаланған.

Осылайша, Трамптың бұл мәлімдемесі тек Нетаньяхуға саяси қорған емес, сонымен бірге АҚШ-тың Таяу Шығыстағы позициясын одан әрі қатаңдатуы мүмкін деген белгі ретінде қабылдануда.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Әлем » Трамп Нетаньяхуды қорғады: “Кешіріңіз оны, мырза президент!”